Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте барлық күшті біріктіру керек – Лаззат Рамазанова

2020-08-25 04:20:30

Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі өзекті тақырып. Түйіткілді шешудің жолына қатысты ой-пікір  онлайн түрде талқыланды. 

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанованың басшылық етуімен бұл тақырып онлайн отырыста жан-жақты талқыланды. Талқыға түскен күрделі мәселеге қатысты пікір білдіруге Facebook әлеуметтік желісі  арқылы қоғам белсенділері, білім, ішкі істер және еңбек вице-министрлері қатысты.

Лаззат Рамазанова күрмеуі шешілмеген мәселе көптеген елде өзекті тақырыптың бірі екенін атады. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, әлемде әр үшінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны  болады екен. Бірқатар елдегі мәліметке сай,  балалардың 40% -ы отбасында зорлық-зомбылық көреді. Ал әлемді шарпыған пандемия кезінде бұл мәселе одан бетер ушыға түскен, мұндай жағдай  Қазақстанда да байқалуда.

 «Қазір «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс әрекеттер туралы» жаңа заң жобасы, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс әрекеттер мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» қосалқы заң жобасы әзірленген. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова «Мұның барлығы мәселені қаншалықты шеше алады? Қазақстанда зорлық-зомбылық мәселесін шешудің тиімді жолы қандай?»,- деген сауалды ортаға салды.

 ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ СТАТИСТИКАСЫ МӘЗ ЕМЕС

Онлайн отырыста сөз алған депутат Зағипа Балиева пікірін статистикадан бастады. Десе де балалар арасында өз-өзіне қол салу жағдайларының саны азайғанын тілге тиек етті.  Биылғы жарты жылда 65 суицид жағдайы тіркелсе, былтырғы көрсеткіш -  180 факті екен.

«Бұл дерекке аса мән беру қажет, балаларға барынша мейірімділік таныту, оларды қорғау, балаларға қарайлау  аса маңызды», - деді депутат.

Алайда балаларға зорлық көрсету дерегі алаңдатып отырғанын жасырмады. Егер 2015 жылы кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты жыныстық зорлық жасау фактісі азайған болса, 2019 жылдан бастап бұл көрсеткіш көбейген. 2018 жылы – 114 факті, 2019 жылы – 154, ал биылғы алты айда – 125 жағдай тіркелген!

«Ұлттық комиссия, мемлекеттік органдар және парламент депутаттары бірлесіп бұл түйіткілдің себебін талдауы қажет. Карантин кезінде, балалар отбасында отырған кезде балаларға қатысты зорлық-зомбылық неге көбейіп отыр? Биылғы алты айда 125 факті тіркелген!», - деп сауал қойған Зағипа Балиева, бұл жағдай Бас прокуратурамен  бірлесіп талдауға алынатынын жеткізді.

Зағипа Балиеваның айтуынша, мемлекет тарапынан балалар мен жастарға барынша көңіл бөлінуі керек. Қазір бұл бағыттағы мемлекеттік саясатты бірнеше ведомства жүргізуде, алайда осы түйіткілдерді шешуге құзыры бар  жеке мемлекеттік орган аса қажет екенін атады.

 111 ШҰҒЫЛ ЖЕЛІСІН ҚАЙТА ҚОСУ  КЕРЕК

Депутат Ирина Смирнова жаңа институт құру қажеттілігіне қатысты пікірге қолдау танытты. Онымен қоса, мектепте «Отбасылық этика және психология» пәнін қайтарып,  «Өзін-өзі тану» бағдарламасын қайта қарап шығу  керектігін атады. Депутат сондай-ақ зорлық-зомбылық тартқан кез келген бала көмек алуы үшін 111 шұғыл  желісін қайтару керектігін айтты.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова парламенттегі екі жұмыс тобы бұл мәселені шешуге атсалысып жатқанын айтып, мәжіліс депутаттары кез келген ұсынысты талқылауға дайын екенін жеткізді. Түйіткілге қатысты ұтымды ұсыныстар мемлекеттік емес ұйымдардан түсіпті.

«Қазір үкіметтік емес ұйымдардан келіп түскен, алайда үкімет тарапынан қолдау таппаған ұсыныстарды қарастырып жатырмыз. Бұл ұсыныстарды жан-жақты қарап, ұсыныстарды қолдауға негіз болар дәлелдерді күшейту жағын қолға алудық. Нақтырақ айтар болсақ, бұл түйіткілге қарсы құқық қорғау органдарының болсын, азаматтық қоғамның болсын, бір сөзбен айтқанда барлық күшті біріктіруге қатысты ұсыныстар. Өйткені осыған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі құқық қорғаушыларға жүктелді. Ал қазір барлық күшті біріктіру керек», - деп ойын түйіндеді спикер.

Кәмелет жасына толмаған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жұмысына қайырымдылық қорлар да атсалысуға дайын.  Зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі сарапшы Кирилл Флайман «мектептер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздік курстарын енгізу керек» деген пікір айтты.

 «Аяла» қорына қарсты филиал басшысы Салтанат Әскербекқызының айтуынша, карантин кезінде аз қамтылған отбасыларда материалдық мәселе ушыға түскен. Қор тарапынан оншақты отбасына азық-түлік, киім-кешек жағынан көмек ұсынылыпты. Сондай-ақ қор тарапынан  медициналық және оқыту орталықтарымен жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын айтып,  ұйым алда өз жұмысының аясын кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

«Азаматтық сектордың өкілі ретінде  айтарым. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесінің алдын алу шараларын әзірлеп, іске асыруға дайынбыз. Бұл өте өзекті мәселе, оның шешімін тек бірлесе шешуіміз керек», - деді Салтанат Әскербекқызы.

Қазақстанның батыс облыстарындағы өңірлік әйелдер бастамалары альянсының президенті Сәуле Салихованың айтуынша, Қазақстанда бұл мәселе төңірегінде мемлекеттік органдар арасында нақты регламент анықталмаған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы туындағанда кімнің қалай әрекет етуі, бірлесіп қандай шаралар қолданылуы нақты көрсетілмеген.

«Мысалы, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда әркет ету алгоритмі нақты әрі анық.  Полиция оқиға орнына келеді, егер  оқиғадан зақым тартқан адамдар болса – жедел жәрдем келеді. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда  - әрі кетсе полиция келер, онда да жанжал шығарған адамды тәртіпке шақырады, болды. Әйелдер қазір тіпті полицияға жүгінбей де жатады, өйткені полиция кеткеннен кейін зорлық көрсеткен адамның ашуы одан бетер арта түсетіні жасырын емес.  Сондықтан да регламент, ұлттық алгоритм қажет. Қай мемлекеттік орган қалай әрекет ететіні жазылып, бекітілуі тиіс», - деп ойымен бөлісті Альянс басшысы.

Сәуле Салихованың айтуынша, өкінішке орай тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі тек мұндай жағдайлар  орын алып, қоғамда қызу талқыға түскенде ғана қолға алынып жатады, одан бірнеше күн өте мәселе қайта  ұмытылатынын айтты. 

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ресми статистикасы түзілмеуі - мәселенің өзегі. Оны не ішкі істер министрлігі, не денсаулық министрлігі, не білім министрлігі жүргізіп жатқан жоқ. Статистика болмаған жерде, мәселе де шешілмейді», - деді спикер.

 ЖАУАПКЕРШІЛІК АЯСЫ

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін тек отбасылық жанжал аясында қарастыру қате ұғым екенін баса айтты.

«Тәжірибеде жағдай әлдеқайда күрделі. Зорлық-зомбылық құрбандары үнемі моральдық және тағы да басқа қысым тартып жатады, бопсалау, балалары мен туысқандарын айтып оларға түрлі қысым көрсетіліп жатады. Тәжірибеде көріп отырғанымыздай, тіпті ажырасқан күннің өзінде, бөлек тұрса да мәселе шешімін таппай жатады», - дейді Ұлттық комиссия төрайымы  Inbusiness.kz. тілшісіне берген сұқбатында.

Осы мәселемен тікелей айналысып жүрген қоғамдық ұйымдардың өкілдері өз пікірін ортаға салды. Әйелдер күші альянсы төраймының орынбасары Азиза Шужееваның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қарсы іс-қимылды ғана емес, мұндай жағдайдың алдын алатын мемлекеттік орган құрылмайынша, мәселе шешімін таппайды.

«Өкінішке орай, ведомствалар бұл мәселені бір-біріне итеріп салып жатады. Министрліктер әкімдікке жүктейді, ал әкімдік министрлікке артып жатады.  Әрқайсысы отбасы мәселесін тек өзінің құзыры шеңберінде ғана шешеді», - деді Азиза Шужеева.

Осыдан үш жыл бұрын Шымкентте «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы іске асырылғанын, оның аясында отбасы істері жөніндегі басқарма құрылғанын атады. Бірақ жаңа әкім келісімен  жұмыстың нәтижесін қоғам талқысына салмастан, жоба жабылып қалғанын сынға алды.

 Шужеева ханымның айтуынша, Түркістан облысының алты ауданындағы құқық қорғау органдарына қарасты әйелдер және отбасы істері жөніндегі инспекторлар қысқартуға түскен. Бұл тақырып қазір қызу талқыда екенін жасырмады.

 

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сарапшысы Галина Моисеенко бюджеттік шығындар мәселесін көтерді. Оның айтуынша, министрліктер бюджетке қосымша салмақ түсірмеуді айтып, азаматтарға аса маңызды нормаларды келісімдемей отырғанын жеткізді. Спикердің пайымдауынша,  әр отбасындағы қайғылы жағдайдың салдары мемлекетке қандай шығын әкелерін біле отырса да, әлі  тиянақты есептеме жасалмаған.

«Ең басты шығын  – адамның қасірет тартуы дер едім. Оны ешқандай ақшаға салып есептей алмасымыз анық. Зорлық-зомбылық көрген адамдардың тартқан қасіреті мен көрген азабын қалайша ақшаға шағуға болады? Қаншама әйел мен бала көз жұмып жатыр, олардық қаншамасы мүгедек болып қалуда», - деді Галина Моисеенко.

 

Спикер бірқатар мәліметтерге де тоқталды. Оның айтуынша,  13 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанының ісін сотта қарауға шамамен 500 млн теңге бөлінген,  ал сотты болған 1 айыпты темір торда отырғанда оны асырауға шамамен 900 мың теңге жыл сайын жұмсалады екен. Тек 2019 жылы отбасылық-тұрмыстық жағдайда 1055 қылмыстық заң бұзу болғанын мысалға келтірді. Мемлекет тарапынан бір жылда сотталғандарды асырауға 1 млрд теңге жұмсалатынын атады.

Мұның барлығын қорыта келе, спикер, Ұлттық экономика министрлігіне ұсынысын айтты. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және зардап шеккендерге арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған шығындарға бөлінген бюджет қаражатының тиімділігін анықтау мақсатында  есеп комитетіне сұрату жіберуді ұсынды

 

БАСТЫ НАЗАР ЖӘБІР КӨРСЕТУШІГЕ АУДАРЫЛУЫ КЕРЕК

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі  Салтанат Тұрсынбекованың пайымдауынша, аймақтарды дамыту бағдарламасына уәкілетті құрылымдар мен әкімдік жұмысының тиімділігін бағалау индекаторы қосылуы керек. Сондай-ақ әлеуметтік қолайсыздық мәселелері және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық түйіткіліне қатысты бөлінер қаражатты реттеу керектігін атады.

«Бюджет кодексінде жеке бағдарлама қарастыру керек.  Әкімдік құрылымында отбасы, балалар және жастар істері жөнінде басқармалар құру қажет. Әр ауданда жастар ресурстық орталықтары аясында отбасына қолдау көрсету қызметіашылуы тиіс.  Осы қызмет арқылы ауылдағы қыз-келіншектерге оңалту орнын ұйымдасытруға болады», - деген ұсыныс айтты спикер.

«#НеМолчиKZ зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қозғалыс» қоғамдық қорының президенті Динара Смаилова статистика дерегіне аса назар аударды.  Спикердің айтуынша, бұл деректер толық көлемде ашылмаған, әсіресе бұл ішкі істер министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігіне қатысты болып отыр. Зорлық-зомбылық көрген әйелдерге қатысты статистика жеке жүргізілуі керектігін айтып отыр. Яғни, бір  жылда,  не жалпы  әйел неше рет көмек сұрап хабарласқаны жайлы дерек болуы тиіс. Осының негізінде полицияға қаншасы хабарласып,  ауруханаға қанша әйел  түскені жайлы мониторинг жүргізуге болатынын айтты.

Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарға отбасылық-тұрмыстық жағдайдағы зорлық-зомбылық мәселелері саласында грант бөлу арқылы емес, қаржыландыру арқылы жұмыс жасауға мүмкіндік берілуі керек екенін атап өтті. Онымен қоса, үкіметтік ұйымдарға заңгерлік жағынан мүмкіндікті кеңейтіп,  жәбір көргендерге қолдау жасау үшін ұйымдардың сотқа қатысуына құқық беру керектігін баса айтты. 

«Сондай-ақ үкіметтенбасты назарды зардап тартқандарға емес, айыпталушыға аударуын сұраймын. Өйткені көп жылдан бері зардап шеккендерге көмек беруге көңіл аударып келеміз, ал зорлық-зомбылықтың алдын алуға, озбырлық әрекеттің алдын алуға ешқашан көңіл бөлінбейді. Сондықтан да жәбір көрушіге емес, жәбір көрсететіндермен жұмыс жасалуы тиіс», - деп ойын түйіндеді Динара Смаилова.

 

ТҮЙІТКІЛ ШЕШІМІ

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу үшін ведомствааралық кешенді жұмыс әдісі керек. Ұлттық комиссия төрайымы Лаззат Рамазанованың айтуынша, осы әдіс-тәсілді Қазақстанда да қолдану қажет.

«Біріншіден – жәбірленуші хабарласа алатын шұғыл желі болуы тиіс. Екіншіден – заманауи заңгерлік, психологиялық және медициналық көмек ұсынылуы тиіс. Үшіншіден –тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істерді жүргізгенде  құқық қорғау органдарының жауапкершілігін арттыру керек. Бұл кешенді жүйені қазір енгізуіміз керек», - деді Лаззат Рамазанова

Ұлттық комиссия басшысының айтуынша, мемлекеттік, үкіметтік емес және қоғамдық күштердің бірлескен кешенді әрекеті арқылы ғана қандай да бір нәтижелі жұмысқа қолжеткізуге болады.

«Зорлық-зомбылық көрсетушіні қатаң жазалау жеткіліксіз. Жүйелі түрде алдын алу жұмысын ұйымдастыру қажет. Мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарды осы іске барынша тарту керек. Және де ведомствалар арасындағы нақты  өзара әрекеттестіктің қамтамасыз етілуі аса маңызды. Тек сонда ғана қандай да бір нәтиже жайында айта аламыз. Ал Ұлттық комиссия осы процесті үйлестіруге дайын», - деді Лаззат Рамазанова.

Ұлттық комиссия басшысы онлайн пікір-таласта айтылған барлық ұсыныстар назарға алынып, алдағы істе қолданылатынын айтты.

«Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия да, жеке өз басым да ұтымды ұсыныстарды тыңдап, бірлесіп жұмыс істеуге қашанда дайынбыз» , - деп отырысты түйіндеді.

 

Дереккөз: inbusiness.kz