Маңғыстауда қарттар мен жүкті келіншектерге маска тегін берілуде

2020-04-24 11:13:00

 Маңғыстау облысында «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесі (ІӘК) Киім дизайнерлері кеңесімен бірге зейнеркерлер мен жүкті келіншектерге тегін көп реттік маскалар таратуда.

 

Бұл бастама #МейірімділікЭстафетасы атты республикалық қайырымдылық акциясы аясында жүзеге асып отыр.

 

Қазіргі таңда маңғыстаулық ісмерлер 2,5 мыңға жуық көп реттік маска тігіп үлгерген. Онымен қоса, жеке қорғану құралдары аса қажет болар деген адамдардың тізімі жасалды. Қалалалық және аудандық дәрежеде алғанда, оладың көбі ардагерлер мен 80-нен асқан зейнеткерлер. Дайын өнімді әр үйге жеткізу міндетін де Іскер әйелдер кеңесі атқаруда.

 «Аудандарда ардагерлер мен қарт адамдарға маскаларды өзіміз таратып жүрміз. Жыл сайын азық-түлікпен және ақшалай көмегімізді көрсетіп жүрген адамдардың тізімі бар. Артылып қалған маскаларды тек қариялар мен жүкті келіншектерге беруді тапсырып дәріханаларға өткіздік. Меніңше, бұл дұрыс шешім, өйткені осы адамдарға вирус жұғу қаупі жоғары», - дейдіөңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова.

 

 2 сәуірде Іскер әйелдер кеңесікөп балалы отбасылар мен мүгедек балаларға көп реттік 100 маска беріп жіберді. Ақтау қаласының ардагерлері мен зейнеткерлерлеріне маскамен қоса азық-түлік те жеткізуде.

 

Кеңес төрайымының айтуынша #МейірімділікЭстафетасы акциясын аймақтағы барлық тігіншілер бірден қолдаған. Қазір облыстық қарттар үйіне тағы бір маска топтамасы дайындалып жатыр.

 «Масканы тігуде Ресей мен Түркиядан әкелінген 100% өте сапалы, табиғи шикізат қолданылады. Тігіншілер бар күшін салып жұмыс істеуде. Ательеде де, үйде де жұмыс қызу жүруде. Жеке қорғаныс құралдарына сұраныс артса,  жұмыс осы қарқында жалғаса береді», -  дейді Сәуле Салихова.

 

 Естеріңізге сала кетейік, #МейірімділікЭстафетасы «Атамекен» ҚР ҰКП-ның Іскер әйелдер кеңесі және Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорымен бірлесіп ұйымдастырылған акция. Акцияның басты мақсаты – еліміздің барлық аймақтарында медицина қызметкерлері мен емделушілерді, сондай-ақ мұқтаж жандарды маскамен қамтамасыз ету.