2020-02-28 01:57:00
Батыс Қазақстан облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова кәсіпкерлік пен жеке өмірді қалай ұштастыра білу керектігі жайында, бизнесте нәзік жандыларға ерекше көзқарастың сақталуының маңыздылығы туралы, және де бәсекелестіктің жеке кәсіпке тигізер септігі жайында ойымен бөлісті.
Іскер ханымдардың құлшынысы
Өткен жылдың соңында Іскер әйелдер кеңесі көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге көңіл бөліп, әдемі іс-шара ұйымдастырдық. Олардың арасында бұрыннан бизнесте жүрген нәзік жандылармен қатар, кәсіпкерлікті бастауға құлшыныс танытып жүрген, бірақ жеке ісін қалай бастайтынын білмей жүрген қыз-келіншектер де болды. Біздің Кеңестің жасап жүрген жұмысына қарап, бұл алаңның мүмкіндігін көре білді. Осылайша Кеңес құрамына қосылуға ұсыныстарын да айтты. Тез арада, бірақ шын ниетпен қабылданған шешім болғаны сөзсіз. Бұл Кеңестің көмек күткен жандарға қол ұшын бере алатынымызды сездірткен жағдай деп бағаладық
Білім қашанда маңызды
Өңірлік кеңестің құрамында әйелдерді кәсіпкерлікке тартып, оқытатын комитет құрғанбыз. Бұл комитет жеке брендін танытқан, жылдар бойы кәсібін дөңгелетіп отырған іскер ханымдардан тұрады. Бұл өте дұрыс қадам, өйткені іскер ханымдар өз тәжірибесі арқылы көмек көрсете алады. Бизнеске оқытып қана қоймай, жеке өндірісі, оның қызметкерлері, біліктілік талаптары жайында таныстыра отырып, жеке істі енді бастағандарға кәсіптің бүге-шігесіне дейін түсіндіреді.
Іскерліктің ерте-кеші жоқ
Бизнесті дөңгелетіп отырғандар арасында көп жағдайда жасы 40-тан асқан қыз-келіншектер. Бұл өзімізге тән, әйел затына тән ерекшелік деуге де болады. Өйткені әйелдер ең алдымен тұрмыс құрып, бала тәрбиесіне көңіл бөліп, отағасының карьерада өсуін ойлап, бала-шағасын аяқтандырады емес пе?! Содан кейін ғана өзі жайлы ойланып жататыны рас. 40-тан аса қоғамдық жұмыстарға араласып, өзінің бар мүмкіндігін ашып жатады. Бұл орныққан жаста өмірден алған тәжірибең мол, таным көкжиегің кең, азаматтық ұстанымың берік болады. Әлбетте, қазір жастар арасында ұшқыр ойлы, белсенді қыздарымыз көп. Мұндай жастарды тек қуана қолдаймыз.
Өңірдегі іскер ханымдардың ерекшелігі
Батыс Қазақстан облысында ең алдымен кең тарағаны сауда мен қоғамдық тамақтану салалары. Одан кейін дамуы жағынан қызмет көрсету саласы, киім және перде тігу ісі және т.б. салалар қарқынды. Бұл нәзік жандылар арасында ең көп тараған салалар. Әрине қыз-келіншектердің құрылыс сияқты күрделі салаларды игергенін қалаймыз. Алайда бұл салада ерлер басым.
Батыс Қазақстан облысында отбасылық бизнес түрі өте жиі кездеседі. Көп жағдайда бизнес иесі болмаса да, отбасылық бизнесте елеулі орын алатындар да нәзік жандылар екенін атап өткім келеді. Мұндай жағдайда отбасылық бизнесті іскер ханымдар атынан дәріптеу керектігін алға тартамыз. Кеңес құрамына шақырамыз. Бұл - ынта беріп, жігер сыйлайтын алаң!
Бизнестегі нәзік жандыларға ерекше көзқарас
Кәсіпкерлікте нәзік жандыларға қашанда ерекше көзқарас сақталады деп үміттенемін. Дегенмен, бизнес заңдылығы баршаға бірдей. Қалай болғанда да әйел затының орны бөлек екені ескерілуі керек. Өйткені оның артында отбасы, отағасы, алтын ұясы мен бала-шағы бар. Егер әйел тек бизнесті ойлайтын болса, мұндай ауыр жүкті кез келген нәзік жанды көтере алмайды. Әйтеуір бір жағы ақсайтыны анық, бала тәрбиесін уыстан шығарып алуы да ықтимал. Сондықтанда бизнесте нәзік жандыларға қашанда ерекше көзқарас сақталғаны абзал. Мемлекет пен қоғамдық институттарда ол заңдылық сақталған. Ал бизнестің ойын ережесі қашанда тәуекелге толы.
Бәсекелестік жайлы
Бәсекелестік – бұл бизнесті алға итермелейтін керемет күш. Ол іскер әйелдер бизнесіне де тән. Қарапайым мысалға салсақ, әр қыз-келіншек көз алдындағы көршісі мен құрбысынан қалыс қалғысы келмейді емес пе?! Бір белесті еңсергенде алдыңнан жаңа мақсаттар шығары сөзсіз. Бұл қалыпты құлбылыс. Ең бастысы - әр адамның мақсаты айқын, ойы ұшқыр болса, ол міндетті түрде жетістікке жетері де сөзсіз.
Іскер ханымдардың аудандық кеңесі
Қазір аудандардағы Кеңес құрамы жаңаруда. Қай жерде жұмысты күшейту керегін айқын көріп, Кеңес төрайымдарын қайта сайлап жатырмыз. Егер Кеңес төрайымы уақытының басым бөлігін тек өз кәсібіне арнаса, Кеңестің жұмысы да алға баса қоймасын ескереміз. Ешкімге де кінә артпаймыз, бірақ өзара теңгерімді тауып, Кеңес жұмысын баршаға ыңғайлы етуге тырысамыз.
Аудандарда Кеңес отырыстарын өткізу үрдісі жалғаса бермек. Бұл өте тиімді жұмыс форматы, өйткені ол арқылы түйіткілді мәселені дер кезінде анықтап, алысқа бармай-ақ шешу мүмкіндігі бар. Кеңестің көшпелі отырыстары арқылы шынайы жетістікке жеткен іскер ханымдарды көзбе-көз таныстырамыз.Мұндай отырыстар іскер ханымның қолынан келген шаруа, келесінің де қолынан келетінін түсіндіруде таптырмас құрал. Жігерлендіру
Бизнесте не болмаса саясатта жетістікке жеткен ханымдар өз елінің патриоттары. Бұл әсіре айтылған сөз емес. Өйткені отабасыңа, өлкеңе, балаларың өсіп-өнген жерге үлкен құрмет пен жауапкершілік сезімі туындайтыны сөзсіз. Сондықтан да іскер ханымдар қосымша қоғамдық жұмыстардан ешқашан бас тартпайды. Одан артық жігерлендірер ештеңе бола қоймас!
Ісі жарасқан ұйым
Кеңес мүшелері арасындағы байланыс тек кәсіби тұрғыда емес, жан-жақты. Өңір аса үлкен болмағандықтан бір-бірімізбен аралас-таныспыз. Бірімен, бірге білім алсақ, келесі іскер ханыммен әріптеспіз. Ісі жарасқан ұйымбыз. Бұл қарапайым адами құндылық пен бір-бірімізге артқан сенімнің жетістігі. Ал өзара сенім бар жерде жұмыстың да аяқ алысы дұрыс болады.
Ісі жарасқан ұйымның өз дәстүрі де қалыптасқан сыңайлы. Осылайша тек жұмыс бабында ғана емес, бірлесіп ісшаралар өткізіп жатамыз.
Мейірім мен қайырымдылық
Әрине, қайырымдылықты естен шығармаймыз. Ол айтқызылмай жасалатын ісіміздің бірі, оны түсіндіріп те жатпаймыз. Кеңестің әр мүшесі қайырымды жан. Әрқайсысы көмек қолын созуда. Бұл қалыптасқан дәстүр.
Кәсіп пен жеке өмірді ұштастыру
Бұл да күрделі шаруа емес. Тек қоғамдық қызметтің өзіне тән азын-аулық салмағы бар. Кеңес мүшесі болып тіркелу өз алдына, бастысы – білек сыбана жұмыс істеуде. Осы аралықта жеке бизнесіңе уақытың жетпей қалуы әбден мүмкін.
Өмірлік таңдау
Бұрын кәсіпкерлік дегенді түсіне де бермейтінбіз. Кеңестік дәуірде қарамағында асханалар мен мейрамханалары бар шаруашылық-есептік кәсіпорынның басшысы қызметінде болдым. Кәсіпорында 450 адам жұмыс атқарды. Ал жасым тек 30 болды. Әлбетте, тәжірибем аз, бірақ сол кәсіпорын көшбасында болды. Одан кейін нарықтық экономикағы ауыстық. Міне, сол қарқынмен осы салада 39 жыл қызмет өтілім бар. Былайша айтқанда, бар өмірім кәсіпкерлікке байланысты болды. Егер екінші мәрте таңдау берсе, бұл өмір жолымды қайта таңдайтыныма сенімдімін.
Әрине, уақыт өткен сайын кейбір мүмкіндіктерің ашылмай қалғанын сезесің, оның орнын толтыруға тырысасың. Мысалы, дизайнерлікке оқымасам да дос-жарандарым үйлеріне жөндеу жұмыстарын бастаса, менен дизайнерлік кеңес сұрап жатады. Тіпті кейде олардың таныстары да ақыл-кеңесімді сұратады. Кезінде мүмкіндік шектеулі болды емес пе?! Ал қазір қалағаның алдыңда. Бастысы талпыныс, өз қалауыңды таба білу.