2020-02-25 08:40:00
Әйелдер алдына мақсат қойса, оған міндетті түрде жететініне күмәнданбауға да болады. Тіпті тек бизнес саласын алып қарасақ та, нәзік жандылар кәсіптің көзін тауып, қажет болса керек білімді де тез меңгеріп алады.
Азия даму банкінің қолдауымен екі жыл қатарынан «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі өңірлердегі әйелдерге жеке кәсіпті бастауға қажет шеберлікті меңгеру мүмкіндігін ұсынуда.
Қол кусырып отырмау керек
Атырау облысының Құлсары қаласында бірнеше жыл бұрын балаларды ерте дамытуға арналған ең озық әдістемелермен оқытатын FasTracKids халықаралық балалар академиясының өкілдігі ашылған. Оның директоры Алмагүл Шудабаева бұл кәсіпкерлігі арқылы тек табыс тауып қоймай, сонымен қатар тұрақты клиенттердің алғысына да бөленуде.
Алайда білім беру нарығында да бәсекелестік жоғары екені сөзсіз. Сол себепті Алмагүл «үздік болу үшін әрдайым алға ұмтылу керек» деген ұстанымға аса мән береді.
«Қазіргі заманда барлығы жылдам өзгеруде. Біз өз тәжірибемізде қарқынды еңбек етіп, одан кейін бір сәтке тоқтап, алды-артымызға қарауға тырысамыз. Бұл бұрынғыдан да алға ұмтылуға ықпал етеді. Бірақ сол ұмтылыс үшін дағды мен жаңа білім қажет. Бұл қай жаста болсаң да барлығына бірдей жүретін заңдылық. Заманға сай қадам жасамасаң, бәсекелестеріңнен артта қаласың», - дейді іскер ханым.
Атырау облысында «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесі Азия даму банкінің қолдауымен тегін оқыту семинарларын өткізетінін естіген бетте оған қатысуға бірден ниет танытқандар қатарында Алмагүл де бар. Оған бұл шараның тәжірибелі бағытта болғаны ұнаған. Кәсіби мамандар қаржылай емес қолдау шаралары жайында толыққанды ақпарат бергенін жоғары бағалауда. Қай бағытта өз ісіңді дамыту керектігін, қай бағдарламалар арқылы несие немесе грант алу тиімдірек екенін, банктерде сөзсіз қабылданатын нәтижелі бизнес-жоспарды қалай құруға болатыны жайлы сауалдарға жауап алғанын айтады.
Бұл онымен ғана шектелмейді. Ұйымдастырушылар интернет-маркетинг негіздері мен әлеуметтік желілерді өнімді жарнамалау турасында да ақпаратпен бөліскен.
Ауылдағы қыз-келіншектерге мүмкіндік
Атырауда 13 ақпанда басталған семинар 50-ге жуық іскер ханымның басын қосқан, ал олардың басым бөлігі ауылдағы қыз-келіншектер. Үлкен қалаларда кәсіби тренингтер үйреншікті нәрсе болса, ауылды жерлерде мұндай оқыту семинарлары өте таңсық. Сондықтан да болар көбіне ауыл тұрғындары кәсіппен айналысуда түрлі кедергілерге жиі тап болып жатады. Мұндай мәселелердің арасында кепілдің, бастапқы капиталдың болмауы, ал ең бастысы – қарапайым біліктіліктің жетіспей жататыны өз алдына.
Семинардың басты ерекшелігі – оның жан-жақты әрі түрлі форматта өтуінде. Дәстүрлі дәрістің орнына семинар жеке жұмыс, топпен жұмыс істеу, «ой-талқы» әдісі арқылы ұйымдастырылған. Мұндай әдістер іскер ханымдардың топ алдында өзін және жеке жобасын еркін таныстыруына, топ алдында өзін сенімді ұстауына үйретері сөзсіз. Сондай-ақ геймификация тәсілі арқылы жеке ойын жеңіл әрі түсінікті жеткізуге үйрететін топтық ойындар тәсілі де дағдыны қалыптастыруға таптырмас әдістің бірі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іскер ханымдарға, әсіресе, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдар жайында оқыту курстары аса қызықты. Сауалнама көрсеткендей, қатысушылардың 50%-ға жуығы ғана ауылдағы несие беру бағдарламалары туралы хабардар. Дегенмен несие алғысы келгендердің көбісі түрлі себептер салдарынан оған қол жеткізе алмауда. Ал қазіргі кезде мұндай жақсы қолдау құралының бірі - жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары. Былтырдан бері осындай бағдарламаны Іскер әйелдер кеңесі Халық банкпен бірлесіп жүзеге асырған болатын. Оған қоса, Азия даму банкі де несие қолжетімділігі мәселесіне аса назар аударуда.
«Азия даму банкі Іскер әйелдер кеңесінің бастамасын қолдап, семинарлар өткізуде техникалық көмек көрсетуде. Бұл оқу семинарлардың нәтижесін көріп отырмыз. Қатысушылардан алған пікірлер де оң. Өңірлердегі, әсіресе, алыс аймақтарда тұратын әйелдерде көп жағдайда астанаға келіп білім алу мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті осы жоба жүздеген қыз-келіншекке ең пайдалы қаржылық және қаржылай емес қолдау түрлері жайында қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік береді», - деді АДБ өкілі Эльмира Ізмағанова.
Жасалған істің нәтижесі
Іскер әйелдерге арналған семинарлар өткен жылы еліміздің 9 өңірінде өтті. Атап айтсақ: Жамбыл облысы, Алматы облысы, ШҚО, Маңғыстау облысы, Ақмола облысы, СҚО, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Жалпы бұл өңірлерде 410-нан астам іскер ханым қатысып, білімін шыңдады. Ұйымдастырушылар 2020 жылдың мамырына дейін қалған 6 өңірде де осындай семинарлар өткізбекші.
«Тренерлердің кәсіби жұмысының нәтижесінде тыңдармандармен тығыз әрі кері байланысты орната білдік. Тіпті семинарлардан кейін де мұндай байланыстың сақталғаны біз үшін өте маңызды. Ақылы курстардың өзінде де мұндай нәтижеге жету қиынға түседі. Біздің қатысушыларымыз болса, әріптестерімен тұрақты түрде тәжірибе алмасуда. Алған білімді түйіндеу мақсатында тренерлер жеке және қосымша курстар өткізді. Кері байланысты сауалнама форматында да ұйымдастырдық. Ал одан алған пікірлер, кейінгі семинарларды одан әрі жетілдіре түсуге өз ықпалын тигізуде», - дейді «Атамекен» ҰКП сарапшысы Назгүл Хамзина хабарлады.
Атыраудағы семинарға қатысушылар оқу курсынан алған ойлармен ашық бөлісті. FasTracKids директоры Алмагүл Шудабаеваның айтуынша, бірінші күннен бастап өзіне көп пайдалы ақпарат түйіндеп алған.
«SWAT-талдауды жасап үйрену, бизнес-жобаның тәуекелдерін бағалау – келешектегі даму жоспарын ойластыру барысында аса мән берілмейтін, бірақ өте қажетті нәрселер. Тиімді банктік ұсыныстар мен оның шарттары туралы кеңінен ақпарат алдым. Болашақта серіктес бола алатын түрлі аймақтардан келген өте қызықты іскер әйелдермен таныстым. Бұл өте маңызды әрі керекті шара екені сөзсіз. Осындай семинарлар еліміздің бүкіл аймақтарында өтуі керек, және де ең бастысы, мүмкіндігінше көптеген қыз-келіншектердің осындай семинарлардың өтетіні жайында білуі қажет», - деп өз ойымен бөлісті.