Жыл сайын бизнестегі бірегей іскер тұлғаны танып жатамыз – Айгүл Ақшалова

2019-12-26 07:29:00

Жамбыл облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы өңірде қандай жобалардың сұранысы мен тиімділігі артып отырғанын, сондай-ақ көп жағдайда қыз-келіншектерді жеке кәсіп бастауына не әсер ететіні әрі қандай тосқауыл бары жайында пікірімен бөлісті.

Айгүл Сағынбекқызы, сұқбатты баршаға мәлім гипотезадан бастайын: егер әлемдегі әр нәзік жанның ерекше тұлға екендігін ескерер болсақ, еліміздің әр өңіріндегі іскер ханымдар қолға алған кәсіпті де өз алдына бірегей деп қарастырған орынды болар. Бұл ретте  Тараздың өзіне ғана тән ерекшелігі неде?

Жамбыл облысы оңтүстікте орналасқан өңірдің бірі, яғни іскер ханымдардың кәсібі қызмет көрсету саласында басым. Айтар  болсақ, мейрамхана, дәмхана, қонақүй, тігін шеберханалары және т.б. Ал ауыл шаруашылығы саласында кәсібін дөңгелетіп отырған іскер әйелдер өте аз.  Бар болғанда да,  сүт және сүттен жасалатын өнімдердің саудасына қатысты кәсіпте.

Дегенмен, бір қарағанда ер кісінің қолына тән, шыны зауытын басқарып отырған кәсіптегі әріптесіміз Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері арасында бар.  Ал енді бірі  мал азығын дайындайтын жем-шөп зауытын басқаруда. Іскер әйелдер кеңесінің тағы да бір мүшесі газ және сумен жабдықтауға арналған пластиктен жасалатын құбыр шығаратын зауыттың бас директоры. Сондай-ақ киім дизайны кәсібін қатар жүргізіп отыр.  Былай қарасаң бір-біріне ұқсамайтын кәсіп, дегенмен бизнесін ұйытып отыр. Мұндай үйлесімділікке айтарың бола ма?!

Әрине, мұндай мысалдарды естігенде тек жігерлене түсесің. Әр іскер ханымның бизнес-жобасын егжей-тегжейлі ашу қиын болар. Дегенмен, жалпы алып қарар болсақ, әйелдер кәсіпкерлігін өңір экономикасындағы белсенді сегментке жатқызуға бола ма?

Әрине, әсіресе соңғы кездері оның қарқыны мықты. Естеріңізге салсақ, 90-жылдары алғаш болып қолына ала дорбаны алып сауда-саттыққа шыққан әйелдер емес пе? Осылайша, бөлшек сауданың жүгін қыз-келіншектер атқарды. Ал қазіргі кезде әйелдер кәсіпкерлікке келіп қана қоймай, түрлі инновациялық бизнес түрін, олардың заманауи тұрғыдан жетілдірілуін, цифрландыруда да алғашқылардың қатарында қолға алуда. Іскерлік ортада жергілікті даму элементін қолдану да бизнес-ханымдарға тиесілі үрдіс.

Егер статистикаға көз жүгіртер болсақ, әрине біз қалаған көрсеткіштерді таппайтынымыз анық. Өйткені, дағдарыс жылдары көптеген іскер әйелдердің бизнес-жобалары орта жолдан тоқтағанын айта кетейін. Дегенмен, нәзік жандылардың белсенділігі төмендеп те айтуға болмайды. 

Іскер әйелдер кеңесінің мақсаты – әйелдерді барынша бизнеске тарту екенін бірнеше рет атап өттіңіз.  Барлығына дерлік іскерлік ортада орын табылады ма? Қарапайым сөзбен айтқанда, өңірде қолға алар әлеуетті бос кәсіп түрлері бар ма?

Мүмкіндік қашанда бар, іздеген адам табады дер едім. Айталық, ауыл шаруашылығы саласында әйелдер саны аз делік, ендеше қыз-келіншектерге сол салаға неге бет бұрмасқа? Ойлап отырсаңыз, гүл өсіретін және көкөніс өсіретін жылыжайды алайық, бұл түбінде нәзік жандыларға тән бағыт. Әйелдер табиғатынан сезімтал емес пе, сондықтан да өсімдіктің қалыпты өсуі, оған жарық, су, қоректендіру қоспалары жеткілікті ме, жоқ па бірден сезеді.  Ер кісілерге тән ұстаным: дән отырғызылған соң, өсімдік міндетті түрде өсуі қажет.  Әрине, бұл салыстырмалы тұрғыдан келтірілген мысал ғана. Дегенмен, әйел адам қандай да бір істі қолына алса, ол міндетті түрде іске асады дегенді алға тартамын.

Сондай-ақ бизнес-ханымдар кезкелген салада, бәсекелестікке қарамай-ақ кәсіпті дөңгелете алатынын тәжірибе көрсетіп отыр.  Ал Іскер әйелдер кеңесі қыз-келіншектердің өз жолын, өз кәсібін табуына қашанда қол ұшын беруде. 

Кәсіпке оқыту жайында айтар болсақ, әйелдер бизнес негіздерін тез игере алып жатыр ма? Жеке кәсібін ашуға алғашқы қадамды бастау үшін тек білім игеру жеткілікті ме?

Әйелдер болмысынан өте ұяң келеді. Оның белсенділігін жалпы қоғам, ер кісілер,  жары дұрыс қабылдамауы мүмкін деген сезім іштей толғандыратыны рас. Осыны ескере келе, Кеңес әйелдерге қажетті әрі  ынталандыратын қолдау инструменттерін қарастырып, ұсынады. Яғни, ол нақты стартапқа қажетті шынайы базаны ұсынуға дайын Қорлар, коммерциялық ұйымдар арқылы болуы мүмкін.

Биыл «Толыққанды отбасы» жобасын іске қостық. Керемет көрсеткішке жеттік деу артық болар, дегенмен мемлекет пен бизнестің көпбалалы отбасына, жалпы бала тәрбиелеп отырған аналарға қандай қолдау қажет екенін тәжірибе алқылы түсіндік, жұмысты дұрыс қоя білу ретін ұғындық. Келер жылға нақты мақсатты айқындап, тіпті жоба арқылы қамтиын әйелдер санын, қаншасы еңбекпен қамтылатынын, ал қаншасы жеке бизнесін ашатынын пайыздық тұрғыдан сараладық.

Дегенмен, қыз-келіншектердің мүмкіндіктерін кейде асыра бағалап жатпаймыз ба? Бұлай дейтінім, ондаған бизнес-жоба ашылып жатады, ал ондаған жоба жабылады немесе қажетті қолдауды таппай басталмай жатып тоқтайды. Бұл тек ер кісілер қолға алған бизнес-жобаға қатысты пікір емес қой?

Әйелдердің орта жолда бастаған ісін тоқтатуының себебін түсіндіру  оңай.  Біріншіден, ісіне қажетті қаражатты таппайды. Ауылдағы жылжымайтын мүліктің 99%-ы, ал қалалық жерлерде 60 пайызы ер кісілердің атына тіркелген. Сәйкесінше, әйелдердің көп жағдайда банкке кепілдікке берері жоқ. Ал ер кісінің атындағы мүлік үш қайтара кепілдікке салынып жатады. Бұл себептің бірі. Екінші кезекте, салт-дәстүр мен қалыптасқан ұстаным маңызды роль атқарары сөзсіз. Мысалы, жеке кәсіпкерлік ашатын болса, оны міндетті түрде ер кісінің атына тіркеу. Дегенмен, оны ашуға да кейде келіспей жататыны да бар. Бұл мәселеге кең тұрғыдан қарау керек. Әйел адамның ерлер қауымында араласып-құраласып кетуі өте қиын. Оған барлығының бірдей жігері жете бермейді.  Ерлердің де іскер ханымдарға қандай да бір  күмән мен сенімсіздікпен, байыппен байқалатыны да кездеседі емес пе?!

Оны қалай еңсеруге болады, мұндай жағдайда қандай ақыл-кеңес бересіз?

Ең алдымен бизнесті бастамас бұрын оны ақылға салу керек. Тек жеке ақылына салу қажет. Өйткені өзіне не ұнайтынын, қандай бағытты таңдайтынын түсінуі қажет. Одан кейін нарықтың сұранысы қандай екенін ойлану. Алдымен көп ақпаратты ақтарып, жаңашылдықтың түбірін түсініп, тиімділігін анықтап, жобаның қажеттілігін саралау керек.

Кейде әйелдерге көзқарастың тереңдігі жетпей жатады. Бизнесті кішігірім бес шаршы метрде бастайды, соңында нарық толыққанда әрі қарай қалай дамитынын білмей жатады. Мұның барлығы ақпараттың аздығының салдары дер едім.

Сондықтан да бірігу қажеттілігін үнемі айтып отырамын. Одаққа, кеңестерге, кооперацияларға қосылып, білмегенді сұраудан ешқашан тартынбау керектігін жиі айтамын. Бұл қанда да бір мәртебе, атақ қуу емес. Бұл тәжірибе алмасуға  таптырмас алаңдар, мұндай ортада өзіңнің мықты әрі осал тұстарыңды байқайсың. Іскер әйелдер кеңесінің есігі келемін деушілерге әрдайым ашық.

 Кеңестің 2,5 жылдағы жұмысында жыл сайын бизнестегі бірегей тұлғаларды танып жатамыз. Тіпті арнайы аталым белгілеп, жылдағы ең үздік жаңа бірегей тұлғаны анықтаймыз.  Өкен жылы бұл аталымның жеңімпазы шоколад өндірісін қолға алған іскер ханым болып еді. Кешкентай кәсібін бастаған бұл іскер ханым бүгінде  халықаралық көрмелер мен байқауларда жүлделі орындарды иеленуде.

 

Ал биылғы бірегей тұлға Анар Бексұлтанова. Ол кісі тумасынан екі қолсыз болса да, оймағынан өнер тамған шебер тігін ісімен шұғылдануда. Бір жылдың ішінде жеке кәсіпкерлігін ашып, «Қазақстанның үздік тауары» және «Altyn Oimaq» байқауларына да қатысып үлгерді. Ал қазір қолөнер шеберлерін қолдау бастамасын көтеруде. Нәтижесінде, құрақ бұйымдарының алғашқы фестивалін өткізуді қолға алмақпыз.

 

 Бастамаларыңыз сәтті өтсін және Іскер әйелдер кеңесінің алдағы жобалары көздеген мақсатына жете берсін! Сұқбатыңызға рақмет!