2019-12-19 01:52:00
Орталық және аймақтық бейіндік қауымдастық өкілдері Жеңіл өнеркәсіп саласын қолдау және дамыту туралы хартияға қол қойды. Қол қою рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында өтті.
Игі істің бастамашылары - «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі және «Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры».
Кеңес төрайымы Лаззат Рамазанова Хартияның басты мақсаты - отандық жеңіл өнеркәсіп пен қолөнер кәсібін дамыту үшін стратегиялық серіктестік және тәжірибе алмасу екенін атап өтті. Бұл ретте Қазақстанның әлеуеті мол.
«Биыл алғаш рет отандық дизайнерлер арасында «Аltyn Оimaq» байқауын өткіздік. Ұйымдастыру барысында әр өңірде болып, қатысушылармен жеке таныстық. Бұл байқау он саусағынан өнер тамған ісмер жандарды, бірегей өнімдер жасайтын ерекше қолөнер шеберлерін анықтауға мүмкіндік берді. Тиісті қолдау көрсетілген жағдайда еліміздің ұлттық игілігіне айналатын құнды брендтер Қазақстанда бар екеніне көзіміз жетті. Сондықтан біз бұл әлеуетті Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға және осы салада еңбек етіп жатқан кәсіпкерлерді қолдауға жұмсауға міндеттіміз. Бүгін қол қойылған Хартия аясында кәсіпкерлер өздері немесе Қауымдастықтар аясында жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған нақты жұмыс жүргізетін болады. Бар күшімізді біріктіріп, еліміздің экономикасына оң ықпал ететін қызықты бизнес-жобаларды іске асыратынымызға сенімдімін», - деді Лаззат Рамазанова.
Хартияға қол қойған кәсіпкерлер саланы қолдап қана қоймай, бизнестегі бар кедергілерді бірлесіп анықтап, кедергілерді жоюға, инвесторларды тарту үшін саланың объективті оң имиджін қалыптастыруға, жобалық қаржыландыру шарттары туралы ақпаратпен белсенді бөлісуге келісті. Сондай-ақ, қол қоюшылар тәжірибемен алмасып, жаңа біліммен бөлісу үшін ғылыми-тәжірибелік конференция, форум мен семинарлар өткізетін болады. Өзара келісілген шарттарда бір-біріне техникалық және ұйымдастырушылық көмектің барлық түрлерін көрсететін болады.
Бұдан басқа, Хартияға қатысушылар «Алтын OIMAQ» киім дизайнерлерінің Ұлттық байқауының амбассадоры ретінде жеңіл өнеркәсіп саласында бірлескен кәсіпорындар мен өндірісті ұйымдастыра алады. Хартия қызметі БАҚ-та және әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланатыны атап өтілді, өйткені шағын бизнестің осы бағыты жұмыс істеп тұрған және әлеуетті қатысушылар үшін өте тартымды.
Хартияға қосылғандар: «Шеберлер мекені» Жамбыл облысының жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қауымдастығы, «Маңғыстау облысының киім дизайнерлері одағы» қауымдастығы, «Маңғыстау қолөнер шеберлері одағы» қауымдастығы, «Маңғыстау облысының өндірушілер, дизайнерлер және қолөнершілер қауымдастығы», Шымкент қаласының «ISSHEBERI» жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлерінің қауымдастығы, «Атырау дизайнерлер қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың бірлестігі, Атырау облысының қолөнершілер қауымдастығы, Ақмола облысының модельерлер және дизайнерлер қауымдастығы, Алматы облысының «Тігін әлемі» тігін өндірісі кәсіпорындарының қауымдастығы, Алматы облысының «Жетісу қол өнері» қолөнершілер қауымдастығы, Жеңіл өнеркәсіп және жеке қорғану құралдарын өндірушілер қауымдастығы, «Ақтөбе облысының дизайнерлер және тігіншілер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі. Сондай-ақ құжатқа Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдігі мен Қостанай облысының «Qoloner» қолөнершілер қоғамдық қоры да қол қойды.
Хартия 1 жыл мерзімге жасалады және қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді. Хартияға заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің кез келген салалық бірлестіктері қосыла алады. Ол үшін Хартия хатшылығы мен тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры арқылы Info@fundwomen.kz электрондық мекен-жайға өтініш беру қажет.