2019-12-05 06:12:00
Атырауда өткен «BATYS SÁNI» сән әлеміндегі дизайнерлер мен іскер ханымдарды біріктірген айтулы шара болды.
Осыған дейін бұл іс-шараның ұйымдастырушылары - атыраулық және маңғыстаулық Іскер әйелдер кеңесі, «Маңғыстау облысы киім дизайнерлері одағы» қауымдастығы және «Маңғыстау облысының қолөнер шеберлерінің одағы» қауымдастығы екенін айтқан болатынбыз.
Сән үлгілерінің көрсетіліміне өңірлік 11 дизайнердің сандығынан бірегей туындылар ұсынылды. Қазіргі сәнге құмар қыз-келіншектерге арналған топтамада күнделікті киюге арналған, іскерлік кездесуге және салтанатты шараларға киетін киім үлгілері көрсетілген әр туынды ұлттық нақышта орындалған. Көрсетілімде әсіресе балалар киімі ерекше болғанын көрермен ықыласы бірден танытты. Қазіргі сән стиліне салынған киімдер ұлттық ою-өрнекпен шебер көмкерілген. Іс-шара оның ұйымдастырушыларына ғана емес, келген әр көрерменге сән әлемінен шашу шашты.
«BATYS SÁNI» жобасының басты қолдаушылары қатарында Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры мен ALTYN OIMAQ Ұлттық байқауы, сондай-ақ Асыл Дүзбаева және Ирина Нейбарт дизайнерлер бар. Көрсетілімнен алған әсерімен де дизайнерлер қуана бөлісті.
«Мұндай іс-шарадан керемет әсер алдым! Өңірлер арасында шебер тәжірибе алмасу үрдісі жиі ұйымдастырылуы керек деп ойлаймын. Одан аларың мол, керемет шығармашылық шабыт аласың, жетістігіңмен бөлісіп, тәжірибе аламасасың. Қандайда бір сұрақтардың қалай шешілгенін білесің. Жастар арасында бірегей туындылар ұсына алатын іскер жандар көп, оларға қолдау қажет. Осындай кездесулердің арқасында ортақ мақсатты айқындап, бірлесіп оны іске асыруға мүмкіндік аламыз. Ал ең бастысы – отандық Fashion-индустриясының алдағы келешегін анықтауға, оған жаңа серпін беруге таптырмас алаң екенін айтқым келеді», - деді көрсетілім ұйымдастырушысы, атыраулық дизайнер Ирина Нейбарт.
Сән үлгілері көрсетілімі арасында болған үзілісте көрермендерге арнайы ұтыс ойыны ұйымдастырылды. Осылайша жеңімпаздар іс-шара ұйымдастырушыларынан кәдесый алуға мүмкіндік алды.
«BATYS SÁNI» іс-шарасын дизайнерлер мен қолөнер шеберлері ұсынған “Fashion Bazaar” жәрмеңкесі аяқтады. Атырау тұрғындары арасынан ұнаған бұйымдарды сатып алып жатқандар қарасы көп болды.
«Маңғыстау облысы дизайнерлері қауымдастығының төрайымы және Іскер әйелдер кеңесінің барлық мүшелеріне осындай іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқандары үшін алғысымды жеткізгім келеді. BATYS SÁNI- екі өңірдегі дизайнерлерді және сән әлеміне жаны жақын жандарды топтастыруға мүмкіндік берді. Әрине, бұл әріқарай дамуымызға, әсіресе, fashion-индустрияға енді келген тұлғалар үшін серпін беретін тамаша мүмкіндік. Мұндай іс-шаралар алда жалғасын табатынына, одан да биік қарқында өтетініне сенімдімін», - деп дизайнер Асыл Дүзбаева іс-шарадан алған керемет әсерін жеткізді.
Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова іс-шараға қатысқан әр дизайнерлердің еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Әр дизайнер өз топтамасында тек жаңа сән үлгілерін ұсынған.
«Дизайнерлеріміз бұл өңірдің әлеуетін таныды, жаңа клиенттер мен өз шығармашылығын қолдайтын жаңа талғампаздарды тапты. Іскер әйелдер кеңесіндегі барлық ханымдарға алғысым шексіз, барлығы ойлағанымыздай өтті. Әсіресе, көрерменнің көз айымы кішкентай модельдер болғаны сөзсіз. Киім үлгісін ұсынған дизайнерлердің әр туындысын көрермен жылы ықыласпен қарсы алды. Бұл іс-шарадан мен де сән әлеміндегі жаңа түстер мен трендттен еншілес болдым, @nur_shah_kazakhstan ұсынған оюмен көмкерілген қамзол үстіме бұйырды»- деп ағынан жарылды Сәуле Салихова.
Іс-шараның фотоларын мына сілтеме арқылы көре аласыздар