2019-11-27 03:00:00
Солтүстік Қазақстан облысында әйелдер кәсіпкерлігін кешенді дамыту және қолдау бағытын талқылаған көлемді өңіраралық конференция өтті. Бұл өңірдегі Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара.
Аталған іс-шараға экономиканың әр секторында кәсібін дөңгелетумен қатар әлеуметтік жауапкершілік танытып, қайырымдылықпен айналысып жүрген іскер ханымдар мен кәсібін жаңа бастаған қыз-келіншектер де қатысты. Бизнесте тәжірибесі мол іскер ханымдар мен оның қырын жаңа ашып жатқан бизнес өкілдерін бір алаңда жинауды ұйымдастырушылар осы шараның басты мақсаты етіп қойған.
Атаулы іс-шара «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанованың алғы сөзімен басталды. Іскер ханымдардың ортақ жұмысына мұрындық болып отырған ұйымның басшысы бизнесте ерлер де, нәзік жандылар да тең екенін, кәсіпке күш-жігер мен қайраттылық, сондай-ақ тәзімділік бірдей талап етілетінін атап өтті.
«Тәжірибемен бөлісіп, үйренген дағдыны басқаға айту әрі қыз-келіншектерді бизнеске тарту маңызды міндет. Бүгінгі конференция осы мақсатты орындауда таптырмас алаң болатынына сенімдімін. Жалпы бүгінгі іс-шара әйелдер кәсіпкерлігінің елдегі экономикалық және әлеуметтік дамуға қандай үлес қосып отырғанын айқындайды. Бизнес әйелдер мен ерлер кәсібі болып жіктелмейді деген ұғыммен толықтай келісемін. Алайдатек нәзік жандылар бизнесті ұядай ұйытып, оған жылулық сыйлай алады. Осы іс-шараға қатысушы әр қыз-келіншектің ісіне табыс тілеймін», - деді Лаззат Рамазанова.
Бұл кездесудің тәжірибе алмасуда қажетті алаң екенін Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айтықан Қалғаевада атап өтті.
«Бүгінгі жиынға Іскер әйелдер кеңесінде қызметтес болып жүрген әріптестерім де қатысып отыр. Бизнеске енді келген қыз-келіншектерге тәжірибе алмасудың қаншалықты қажет екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан өз жетістігіміз жайлы айтып қоймай, нақты бизнес-кейстер жайында, өз тәжірибесінде туындаған мәселелердің шешімін қалай тапқанымыз жайлы айтуды жөн санадық», - деді спикер.
Алқалы отырыстың мінберінде тек кәсібі дөңгелеген іскер ханымдар ғана емес, үлкен істің басы-қасында жүрген бизнесмендер де ой тарқатты. Конференцияға қатысушы қауым Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын Эмин Әскеровтың тәжірибесін де естіді. Бұл азамат 2015 жылы жиһаз, кәдесый жасайтын, сонымен қатар IT-қызметін көрсететін әлеуметтік шеберхана ашқан. Бұл жобаның ерекшелігі – ммүкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыс ұсыну.
«Мұндай шеберханалар еліміздің көптеген өңірінде бар. Қазір осы өңірде де осындай әлеуметтік жоба ашу жайында келіссөз жүргізіп жатырмыз. Өз тәжірибеміз арқылы бизнес тек табыс көзін ғана көздемейтінін дәлелдедік, Солтүстік Қазақстан облысында да әлеуметтік кәсіпкерлік дәстүрі қалыптасады, ал іскер ханымдардың оған қосар үлесі зор», - деді Эмин Әскеров.
Конференция аясында кішігірім көрме де ұйымдастырылды. «Жас кәсіпкер» жобасының түслегі Аяжан Әскерова өзі ашқан ISMA менталды арифметика мектебінің оқушылары алған алғашқы жетістіктерін көрмеге алып келіпті.
«Жеке мектебімді Кәсіпкерлер палатасының арқасында ашуға мүмкіндік алдым. Балалар металды арифметиканы танып, оны білу арқылы терең ойлап, есте сақтау қабілетін шынықтырады. Бұл дағдының мектептегі сабақтарды жақсы түсінуіне де септігі зор. Оқушылар қазірдің өзінде жетістіке жетіп жатыр, оны әрі қарай шыңдай бермекпіз», - деді Аяжан Әскерова.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары мен «Даму» қорының өкілдері мемлекеттік қолдау шаралары жайында ақапарт берді. Жеңілдетілген несие қазір кәсіпті жаңа бастағандар ғана емес, бизнесін жүргізіп отырған кәсіпкерлерге де қажет екені назарға алынды.
Іс-шараның соңында әлеуметтік жауапкершілік танытқан, қайырымды іспен айналысатын кәсіпкерлер марапатталды. «Жомарт жүрек» сыйлығы Геннадий Зенченко, Еркебұлан Мамбетов, Иван Фисенко, Василиса Толеу, және Асылбек Қожахметовке табысталды.
Жомарттықта жығылмаған бұл кәсіпкерлер мектептерге, балабақшалар мен басқа да әлеуметтік ұйымдарға, көп балалы отбасыларына тұрақты түрде көмек көрсетуде. Сонымен қатар, Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен журналист қауымы арасында өткен «Алтын сөз 2019» байқауының қорытындысы жарияланды.