2020-10-24 00:09:00
«Атамекен» ҚР ҰКП Жамбыл облысының Іскер әйелдер кеңесі Тараз қаласындағы № 5 емханаға демеушілік қолдау көрсетті.
Бизнес ханымдар тамыр соғуын өлшейтін 30 құралды емхана дәрігерлеріне табыстады.
«Коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген емханадағы дәрігерлер. Олардың басты мақсаты - науқастардың жағдайын, сырқат деңгейін анықтау. Егер дерттің жеңіл түрі болса, оны түсіндіру, ал сырқаты асқынып тұрса, дер кезінде ем-дом жасау. Өйткені кей жағдайда науқастар сырқатына аса мән бермей жатуы да мүмкін. Тамыр соғысын өлшеу құралы дәрігерлерге қан қысымы мен тамыр соғысын анықтап қана қоймай, ағзадағы оттегі қорегін анықтауға мүмкіндік береді», - дейді Жамбыл облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова.
Айта кетейік, өкпе мен жүректегі қан тамыр жүйесі адам ағзасындағы күре тамырдың оттегімен қоректенуіне үздіксіз ықпал етеді. Вирус тыныс алу органдарына залалын тигізгенде, қанда газ алмасу, оттегі мен көмірқышқыл газ теңгерімі бұзыла бастайды.
Ағзадағы бұл өзгерістерді тамыр соғуын өлшеу құралы анықтай алады. Құрылғы саусаққа тағылып, жарық диоды арқылы қанға және бұлшықет тініне өтіп, қандағы оттегі жағдайын анықтауға мүмкіндік жасайды. Сондықтанда дертті дер кезінде анықтауда бұл құрал аса қажет. Емханаларға тегін табысталған медициналық құралдардың құны – 1 млн теңге.
«Өкінішке орай, пандемияның салдарынан жақындарымыздан, достарымыз бен таныстарымыздан айырылып қалдық. Дер кезінде көмек көрсетілуі, дәрігерлердің біліктілігінің қаншалықты маңызды екенін бір адамдай сезіп отырмыз. Сондықтан да вируспен күресте дәрігерге қажетті құрылғылар мен дәрі-дәрмек аса қажет. Осы бастамаға қолдау танытқан әріптес іскер ханымдарға айтар алғысым шексіз», - дейді Айгүл Ақшалова.
Еске сала кетейік, бұл Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылып отырған жалғыз игі іс емес. Осыған дейін Маңғыстау облысының бизнес ханымдары мен «Кондитерлер гильдиясы» қауымдастығы коронавируспен күресте жүрген медицина қызметкерлеріне тәтті тағам үлестірген болатын. Тәтті тоқаш, бәліштер пісіріп, оқшаулануға мәжбүр болып отырған дәрігерлер қауымына жеткізгені жайлы айтып едік.
Пандемия басталған сәттен бастап игі істің бастауы үзілген емес. Іскер ханымдар көктемде #МейірімділікЭстафетасы республикалық акциясын бастап, медициналық бетперде және вирустан қорғануға аса қажет сақтық киімдерін тегін таратқан болатын. Қайырымдылық ісі тек медицина қызметкерлерімен шектелмегенін білеміз. Ел ауқымында іскер ханымдар азық-түлік қоржынын жинап, аз қамтылған отбасыларға да қолдау көрсеткені осыған дейін айтылған болатын.