Жартылай дайын өнім өндірісі: дәмді кәсіп

2020-10-15 05:42:00

 

Қолдан тұшпара,  вареник  жасауға, қамыр илеп, қамыр ысуға кейінгі уақытта көптің қолы тие бермесі сөзсіз. Қазіргі қарбалас отбасының барлық адамдары жабыла кірісіп тұшпара мен вареник жасау дәстүріне өзгеріс тигізбей қоймады.

Қазір қай жағынан алып қарасаң да ең ұтымдысы – жартылай дайын өнімді сатып алу, ол әдетке айналғаны рас.  «Сұраныс  ұсынысқа әсер етеді» демекші, сондықтан да жартылай дайын өнім сатып алуға сұраныс жоғары, демек бұл дайын бизнес жоба.

Тұшпара мен вареник жасау өндірісін ашу Қазақстандағы кәсіпкерлік қызметтің ішіндегі тиімдісі болып табылады. Бұл аз ақша салып, мол табыс табуға болатын кәсіпкерлік түрі.

Ендеше, жартылай дайын өнім шығару бизнесін дөңгелету үшін не қажет? Есеп-қисабын «Әйелдерге арналған 100 бизнес жоба» электрондық нұсқаулығынан қарап көрейік!

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ БАСЫМ

«Тұшпара бизнесі»  бұл маусымдық жағдайлар әсер етпейтін кәсіп түрі. Жылдың кез келген мезгілінде тұшпара, манты, вареник, хинкали тағамдарына сұраныс жоғары.  Бұл бизнес түрінің тағы да бір артықшылығы – егер кәсіп дұрыс жоспарланса, бизнесті ашуға жұмсалған шығынды 3-5 айда ақтап шығуға болады.  Кәсіптің ұтымды тағы да артықшылығы  бар,  бұл бастапқыда көп қаржы салуды қажет етпейтін бизнес. «100 бизнес жоба» нұсқаулығын құрастырушылар шамамен 3 миллион теңге бизнестің бұл түрін ашуға жететінін атапты. Сондай-ақ бастапқыда арнайы жабдықталған өндіріс орнын жалға алудың да қажеті жоқ.

Бұл бизнестің кезекті артықшылығы – өнім дайындауға қажетті шикізаттың кез келген уақытта нарықта мол екендігі, жартылай дайын өнімнің тез жасалуы, және де бұл іске білек сыбана кірісер адамдардың тез табылатындығы.

Кез келген кәсіптің оңы мен солы бары анық. Бұл бизнес түрінің осал тұсы – бәсекелестіктің жоғары болуы, әсіресе қалалы жерлерде бәсеке қатты байқалады. Дүкен сөресінде жартылай дайын өнімнің түрлі маркасы барын аңғару қиын емес. Десе де, бұл бизнес – икемі мен ебін тапқанға, кемшілікті артықшылыққа айналдыруға болатын кәсіптің түрі десек артық айтылмасы анық. Өнімнің сапасы мен дәміне аса мән берсеңіз, дәл сіздің дайындаған өніміңізге сұраныс жоғалмайтыны сөзсіз. Әлі күнге дейін  тұтынушы жартылай дайын өнімді сатып аларда оның ішінен барынша үйде жасаған өнімге ұқсасын таңдап жатады. Сондықтан да бұл кәсіпте сапа басты көрсеткіш.

БИЗНЕСТІ АС БӨЛМЕДЕН БАСТАУ

Егер жартылай дайын өнімді кәсіпке ұластыруға шешім қабылдасаңыз, онда оның екі жолы барын айта кетейік. Кішігірім цех ашу, не болмаса үйде отырып-ақ кәсіп жүргізу.   Соңғысы қазіргі пандемия кезінде ең қолайлысы екені анық.

Үйде отырып-ақ кәсіпті дөңгелетуді таңдасаңыз,жартылай дайын өнімнің сапасын үнемі арттырып, өндіріс процессін үнемі жетілдіріп отыру қиынға түспейді. Бастапқыда жасаған өнімді таныстарыңыз, достарыңыз, әріптестеріңізге ұсынуыңызға болады. Карантин кезінде өнімді үйге дейін жеткізіп отырсаңыз да болады. Кейін тұтынушылар  ауқымын кеңейтуге әбден-ақ болады. Әлеуметтік желідегі түрлі топтарға ақпарат салу, достарыңыздың өнім жайлы пікірі, Instagram желісінде парақшада жазылып тұрса бұл таптырмас жарнама түрі болмақ. 

Айта кетейік, кәсіптің ауқымын кеңейтудің тағы да бір жолы бар. Үй маңындағы дүкендер, кішігірім мейрамханалар арасынан тұрақты серіктес табуға болады. Сәйкесінше, тапсырыс артса, өнім көлемі де соншалықты болуы керектігін ұмытпаңыздар.

ҚАРАПАЙЫМ БИЗНЕСТІҢ- БІРЕГЕЙ МАРКЕТИНГІ

Бұл кәсіпті үйден бастап, кейін кішігірім цех ашып, өндіріс көлемін біртіндеп ұлғайтуға болатын бизнес түрі.  Бастапқыда кішігірім цехтың ауқымы 50 шаршы метр болса жеткілікті. Цех ашқан соң арнайы жабдықтар керегі анық.

Ең қажетті жабдықтарға тоқталайық, олар: үн елеуге арналған аппарат, қамыр дайындауға қажетті жабдықтар, ет тартатын электр жабдығы, тартылған етті араластыратын жабдық және жартылай дайын өнімге қаптама жасайтын құрал және т.б.  «Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 100 жоба» нұсқаулығында жазылғандай,  бұл жабдықтарды сатып алу үшінжартылай дайын өнімнің қандай түрін жасайтыныңызға қарай, шамамен 2-2,5 млн теңге көлемінде қаражат керек болады екен.

Цех ашар болсаңыз мемлекеттік органнан рұқсат алу (санитарлық қызмет, ТЖ қызметі және т.б.) керек. Егер толық ақпарат іздесеңіз «Атамекеннің» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінен кеңес алуға болады. 

Маркетинг туралы айтар болсақ, бұл жерде де ең басты маркетинг құралы - өнімнің дәмі. Дегенмен, марканың атауы дұрыс болғаны аса маңызды. Өйткені өнімнің бұл түрін шығаратын танымал маркалардың арасында жаңа ұсыныс қалыс қалмауы керек. Қазір өнім шығарушылар клиент табу үшін түрлі эксперименттер жасауда. Мысалы, балаларға арнайы түрлі түсті тұшпара жасап жатқандар бар, әрине жемістерден алынған табиғи бояулар қолданады. Бәлкім, сіздер де бірегей туынды табарсыздар.

ТӘУЕКЕЛДЕР МЕН ҚАРЖЫ

Тұшпара мен вареник өндірісін ашуда келесі тәуекелдер бар, олар:

- тәжірибенің аздығы себебінен негізгі технологиялар операциялардың дұрыс жасалмауының тәуекелі;

- шикізатқа бағаның артуы тәуекелі; 

- сапасы төмен шикізатты алу тәуекелі;

- жалға алу бағасының артуы.

Жобаны ашуға жеке қаражатыңызды салуға болады. Егер қаражатыңыз болмай жатса, екінші деңгейлі банктер ұсынатын тиімді несие пакеттерін қолдансаңыз болады. Сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкі   қаражаты есебінен «Даму» қорынан  әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған бағдарлама арқылы  несие алуыңыздың да мүмкіндігі бар. 

«Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 100 бизнес жоба» нұсқаулығынан  жеке бизнесіңізді ашуға қажетті ақпарат табатыныңызға сенімдіміз.