2020-10-05 07:05:00
ЮНИСЕФ Қазақстандағы балалар құқығын қорғауда бизнестің тигізер әсеріне зерттеу жасамақ. Бұл жоба «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен іске асатын болады.
Зерттеу жүргізетін топ еліміздің барлық өңіріндегі кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар арасында осы тақырыпта онлайн сауалнама жүргізуді жоспарлап отыр. Балаларға қатысты әлеуметтік жауапкершілік танытып отырған бизнестің жасап отырған қолдауы зерделеніп, жалпы Қазақстанда осы бағытта жасалып жатқан жұмысқа баға берілмек.
Зерттеу қорытындысы бойынша ЮНИСЕФ ұсыныс беретін болады. Ұсыныста бала құқығын қолдау, бала құқығының сақталуына кәсіпкерлердің тигізіп отырған әсерін кеңейту жолы, 2021-2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында іскерлік ортада әріптестік қарым-қатынасты күшейту жолдары егжей-тегжейлі қарастырылмақ.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, зерттеуге Maestral International (Maestral) компаниясының тәжірибелі сарапшылары қатысатын болады. Бұл балаларды қорғау жүйесін үйлестіру және оны нығайту мәселелері бойынша тәжірибелі сарапшылар тобы. Сондай-ақ бұл сарапашылар тобы халықаралық ұйымдармен осы бағытта тығыз байланыс орнатқан.
ЮНИСЕФ зерттеуіне Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры мен «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі техникалық қолдау танытатын болады.
Атап өтейік, балалар құқығын қорғау, барша балаға тең мүмкіндік қамтамасыз ету, сондай-ақ әр баланың өз мүмкіндігін қолдануына жағдай жасау ЮНИСЕФ ұйымының басты міндеті.