Кофе сату: Кәсіпті қалай бастау керек?

2020-08-14 02:52:01


Кофе сатып алу - қала тұрғындары үшін үйреншікті дағды. Жұмысқа, оқуға барар жолда, серіктестер немесе достармен кездесуге барарда кофе ала бару  ірі қалаларда жиі кездесетін құбылыс. Ал бұл кофе сату кәсібін ашуға сұраныстың барын көрсететін бірден-бір көрсеткіш. Бұл кәсіп бизнесті енді бастаған кәсіпкерлерге таптырмас мүмкіндік.

«Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 100 бизнес жоба» каталогын құрастырушылар кофе сату  жобасын қалай ашу керектігі жайлы ұсынысын нұсқаулықта жазыпты. Ендеше, бизнестің бұл түрін неден бастау керектігі, жоспарлау кезінде қандай қателіктерді жібермеу керектігін жайлы атап өтейік.

 КОФЕГЕ  СҰРАНЫС ҚАШАНДА ЖОҒАРЫ

Barista Academy жүргізген зерттеуге сай, қазақстандықтар жылына 2000 тонна кофе сусынын сатып алады екен. Көп жағдайда кофе сатылымы мейрамханаларда, кішігірім кафелерде не болмаса кофейняларда жоғары. Алайда қаланың қарбалас тіршілігі кофе сатылымын одан әрі жеңілдете түскені сөзсіз. Қалаларда танымал Costa Coffee, Starbucks немесеCoffee boom сынды брендттер барына қарамастан, кофе сататын кішігірім сауда орындарына деген сұраныс тек арта түскен.

Пандемияның әсерінен ірі қалалар мен облыс орталықтарында карантин шарасы күшейтілді. Әрине одан кофені жолай сатып алу қарқыны төмендегенімен, бұл бизнес түрі тоқтамаған. Оған кофенің ерекше әсері де себеп болған да шығар, өйткені кофе ішуді қалайтын тұтынушы оның дәмі мен хош иісінен оңайлықпен бас тарта қоймасы анық. Кофенің өз «сиқыры» бар!

Десе де, кәсіптің бұл түрін сәтті жүргізу үшін барлығын егжей-тегжейлі есептеп, алдын ала анықтап алған дұрыс.

 КОФЕДЕН ТҮСЕР ТАБЫС

Тұтынушыға жолай кофе ұсыну үшін  ең алдымен кішігірім бизнесіңіздің орналасқан жерін дұрыс таңдау керек. Оны анықтау үшін қарапайым формуланы ескерген жөн. Кофені сатылымға шығаратын орын маңынан өтетін 100 адамның ішінен 3 адам тікелей сіздің клиентіңіз. Демек, сауда орнының жанынан адам қаншалықты көп өтер болса, клиент саны да артатыны сөзсіз.  Бұл табысыңызға тікелей әсер етіп, шығарған шығыныңызды ақтауға мүмкіндік береді.

Ең ұтымды сауда орны  - оқу мекемесінің маңы, вокзал мен аэропорттың қасы, саябақтар мен демалыс орындарының айналасы, сондай-ақ бизнес орталықтар мен сауда орталықтары. Кофенің басты тұтынушылары – жастар, сондықтан да жоғары оқу орны маңында сауда нүктесін ашу тиімді болары сөзсіз. Сауда орталықтарыда кофені сатылымға шығарудың тиімді орны. Өйткені бутиктерді аралап шыққан соң, тұтынушы кофенің дәмін татып, тіске басар алатыны мәлім. Бірақ, қазіргі карантин шарасына орай Сауда орталықтарында шектеу бары анық. Ал вокзал мен аэропорт маңында  кофеге  қазір де  сұраныс қалыпты.

Кофе сату жобасын іске асырудың екі жолы бар. Бірі, танымал брендтің франшизасын сатып алу, не болмаса жеке кофе сату орнын ашу. Танымал брендтің франшизасын сатып алу үшін бизнесті тіркеуге қою керек. Бастапқы айда қаражат салып, жарна төлеу керек (роялити). Ал жеке кофе сату орнын ашуды қаласаңыз, онда керек жабдықты сатып алып, сауда орнын ресімдеп, маркетингке ақша салуыңыз қажет.

Ал кофе сатуға қажетті жабдықтарға келсек, онда: кофе жасайтын машина (тексерілген, танымал шетелдік брендті таңдағаныңыз дұрыс, оған қаражат үнемдеудің қажеті жоқ), кофе үккіш, сауда орнының жиһазы, кішігірім тоңазытқыш, сусын әзірлеуге қажетті қоспалар (кофе дәні, кілегей, қант, су) және кассалық аппарат қажет.

Сауда орнын ашқанда ас мәзірінде тәтті тағамдар мен тіске басар қосуды ұмытпаған жөн. Бірақ, бұл қосымша тағамдар тұтынушыға қызмет көрсетудің қосымша ұсынысы және орташа чектің көлемін арттырудың тек бір жолы ғана. Тәтті тағамдар мен шоколадтан түсер табыс аса жоғары бола қоймайтынын естен шығармаған жөн. Әрине, мәзірдің түрлілігі артық болмайды, бірақ одан түсер табыс кофеден алар табыстан асып түспеуі керек.

 Электрондық каталогты құрастырушылар кофе сату жобасы – аз қаражат салып, тиімді табыс табуға болатын бизнес түрі екенін атауда. Яғни, бұл жобаны қыз-келіншектер кез келген өңірде ашуына мүмкіндік бар. Бизнестің бұл түрін ашуға, оның ішінде инфляцияны қоса есептегенде 2 млн теңгеге жетер-жетпес қаражат керек екен.

Бизнесті ашуға жеке қаражатыңызды, не болмаса екінші деңгейлі банктер ұсынатын тиімді несие пакеттерін қолдансаңыз болады. Сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкі   қаражаты есебінен «Даму» қорынан  әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған бағдарлама арқылы  несие,не грант алуыңызға болады. 

 КОФЕНІҢ ДӘМІ МЕН ХОШ ИІСІ

Бизнес жобаңыздың маркетингіне аса мән беру өте маңызды. Бизнесіңіздің басты танымалдылығын арттыратын – ол әрине, кофе! Бұл дегеніміз – кофенің дәмі мен хош иісінің сапасы. Олай дейтініміз, кофені әзірлеуде арнайы технологияны сақтамай, кофе дәнін, не оның қоспаларын үнемдейтін болсаңыз бизнесіңіз табысты болмайтынын ұмытпау керек. Дәмі мен хош иісі тартымды болмайтын кофені алғаннан гөрі, тұтынушы бағасы қымбат болса да танымал брендті таңдауы ғажап емес.

Кофе дайындау технологиясын сақтап, сауда орнында тәжірибелі сатушы алып не болмаса өзіңіз бұл істі жақсы жүргізер болсаңыз, онда бренд атауы жайлы ойластыру керек. Ал одан кейін сауда орнын рәсімдеуді қолға алыңыз. Өйткені клиентке тек кофенің хош иісі ғана емес, жағымды әрі жайлы орын қашанда тартымды болары сөзсіз.

Маркетологтар кофе сату бизнесіне атау таңдағанда кофе не болмаса онымен қоса ұсынар тағам атауын таңдауға кеңес беруде. Ал бәсекелестеріңіздің атауын қайталамас үшін нарықты алдын ала зерттеп алғаныңыз жөн.

Жолай кофе сату орнын ашудың өз тәуекелі бар. Жоғарыда атап өткендей, ең басты және ең маңызды тәуекел - сауда орнының дұрыс таңдалмауы. Егер сауда орнының маңы алдын ала зерделенбесе, жоба өзін-өзі ақтамауы мүмкін.

Дұрыс таңдалған сауда орнынан бөлек, тағы да бір тәуекел - бизнестің бұл түрінің маусымдық сипатқа ие болуында.  Мысалы, егер кофе сату орны сауда орталығында орналасса, жазда клиент санының азайғаны байқалады. Өйткені жазғы уақытта клиенттар көбінесе далада серуендеуді қалап жатады. Не болмаса, қазіргі карантин жағдайы сынды, ойламаған жерден туындар жағдайлар бизнеске әсерін тигізері анық.

Келесі тәуекел – ол бәсекенің жоғары болуы. Танымал брендтермен бәсекеде баға жағынан сәл ұтарсыз,  бірақ маңайдағы кофейняларды баға жағынан ұту қиын. Яғни, бірегей сауда ұсынысын жасамайынша, танымал кофеге сұраныс қашанда жоғары болары анық.

Сондай-ақ клиентті тартуда таптырмас фактор – ол тұтынушыға қызмет көрсету сапасының мінсіз болуы. Сондай-ақ түрлі акциялар мен бонустар ұйымдастырып отыру да аса қажет екенін естен шығармау керек. Мысалы, әр екінші кофенің құнын арзандау ұсынсаңыз болады. Не болмаса әр сатып алған капучиноға  қоса тәтті тоқаш, не піспенан ұсынсаңыз болады.

Қазіргі карантин аяқталар, ал кофеге деген сұраныс қашанда боларын естен шығармаңыздар!