Тәтті қолдау: Маңғыстаулық кондитерлер медицина қызметкерлеріне ерекше қолдау тарту етті

2020-08-11 04:42:00

Маңғыстау облысының Іскер әйелдер кеңесі  және «Кондитерлер гильдиясы» қауымдастығы  коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне тәтті сый-сияпат жасауды жөн көріпті.

 

 

Өңір кондитерлері індеттің кесірінен оқшауда отырған медицина қызметкерлеріне  тәтті бәліш, торт, тоқаш пісіріп қана қоймай, тәтті тағамдарды жеткізуде.  

«Өңірдегі «Халыққа көмек» қоғамдық штабының  қазіргі жағдайға байланысты үйінен алшақ отырған дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне  қолдау көрсетуге қатысты бастамасын бірден қолдадық.  Оқшауда отырған дәрігерлердің үш мезгіл ыстық тамағы қарастырылғанымен,  тәтті тоқаш пен бәліш достарханға түсе бермесі анық. Сондықтан осы жағын қолға алып, тәтті тағам жеткізуді жөн санадық.  Осылайша, екі күн ішінде 594 медицина қызметкерінің дастарханын тәтті тағамға толтырдық»,- дейді Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова.  

Оқшауда қызмет атқарып отырған дәрігерлердің тізімін облыстық Қоғамдық кеңестен алған.  Тәтті тағамды  кондитерлер  таңертеңнен дайындап, түстен кейін дәрігерлерге жеткізіп беруде.  Тәтті тағамдарды пісіруге, тағамдарды жеткізуге  кететін барлық қаржылай шығынды Іскер әйелдер кеңесі өзіне артып отыр. 

 

 

«Бұл медицина қызметкерлеріне қолдан келгенше жасап жатқан азын-аулық қолдауымыз. Дәрігерлер мен медбикелерді қолдауға қатысты бастамаға кондитерлердің  бірден кірісіп кетуі мені қатты қуантты.  Медицина қызметкерлерінің деніне саулық тілейміз! Қазір медицина мамандарының ауырмағаны керек.  Өйткені пандемиямен күрестің алдында  жүрген де осы кісілер ғой. Ал біздің тәтті тартуымыз  дәрігерлер мен медбикелерге  үйдің дастарханын, үйдің жылулығын еске салары анық», - дейді Сәуле Салихова. 

«Маңғыстау облысының кондитерлер гильдиясы» қауымдастығы 2017 жылы Өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен құрылған.  Қауымдастықты құрудағы басты мақсат – кондитер өнімдерін пісірумен айналысатын өзін-өзі еңбекпен қамтып жүрген азаматтардың еңбегін  заңдастыру болатын. 

 

 

Еске сала кетейін, бұл акция  Іскер әйелдер кеңесі мүшелерінің  коронавирусқа қарсы бағыттаған жалғыз қолдау шарасы емес.  Көктемде іскер ханымдар #Мейірімділік эстафетасы атты республикалық қайырымдылық акцияны іске асырған болатын. Ол акцияның барысында медицианылық маска және  басқа да жеке қорғаныс заттарын тігу, оны медицина қызметкерлері мен егде жастағы кісілерге тегін тарату  ісі ұйымдастырылған.  Онымен қоса, іскер ханымдар  көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік жеткізу ісін де қолға алғанды. 

 

"Кондитерден дәрігерлерге қолдау" акциясы (Маңғыстау облысының ІӘК)