«БҰҰ-Әйелдер» құрылымы Мақтаарал ауданына гуманитарлық көмек жеткізді

2020-08-10 05:06:00

«БҰҰ-Әйелдер» құрылымы Мақтаарал ауданына гуманитарлық көмек  жеткізді

 

 

«Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің көтерген бастамасына Қазақстандағы  «БҰҰ- Әйелдер» құрылымы қолдау танытты. Осылайша,    «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек жеткізді. 

Қайырымдық қоржынында гигиена заттары, медицианлық бетперде, медициналық қолғап, және де  дезинфекция жасауға қажетті түрлі заттар салынған. Бұл гуманитарлық көмек аудандағы 1500 отбасына үлестіріліп берілді. 

«БҰҰ-Әйелдер» құрылымы  Түркістан өңірінде болған оқиғадан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету жайында Іскер әйелдер кеңесінің бастамасына бірден қолдау танытқан ұйымның бірі. Аталған көмекті іске асыру үшін «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламалары арқылы демеуші қаражатын тартқан.  Қажетті тендер рәсімдерін өткізген соң «METRO Cash & Carry» компаниясы гуманитарлық жүкті жинап, оны жеткізу жұмысын қолға алған. 

Ал әр гуманитарлық қоржынға қажеттісін тең үлестіру жұмысын Шымкент қаласы және Түркістан облысының Іскер әйелдер кеңестері ұйымдастырған.   Мақтааарал ауданына гуманитарлық көмекті жеткізуге аудандық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері көмектескен. 

   

 

Қазақстандағы "БҰҰ-Әйелдер" қүрылымының басшысы Дина Амришева Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның,  Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова ханымға, Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры, Шымкент қаласындағы  және Түркістан облысындағы өңірлік Іскер әйелдердің кеңестеріне және  Мақтаарал ауданының кәсіпкерлер палатасына  осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді. 

 

 «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының басшысы бұл көмекті ұсынуда   Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі серіктестік танытқанын да атап өтті.  Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы  ел Үкіметімен тығыз серіктестік қатынаста қызмет етіп отырғанын тілге тиек етті.  Әйелдер мен қыздарға жан-жақты қолдау көрсету және тең құқықтар мен мүмкіндіктерді ескере отырып,  әлеуметтік және экономикалық барлық салада оларға барынша жоғары  өмір сүру сапасын қамтамасыз ету  құрылымның басты мақсаты екенін атады.