COVID-19: әлем елдерінде іскер әйелдерге қандай қолдау жасалуда?

2020-08-03 04:04:00

Экономикалық ынтымақтастық ұйымының өкілдері пандемия кезінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған жаңа бағдарламаларды әзірлеп, енгізу аса қажет екендігін айтып отыр.

 

Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Сауда-өнеркәсіптік палатасының қолдауымен Кәсіпкер әйелдер кеңесінің мүшелері  бейне конференцияда бас қосты. 

 

Конференцияға ЭЫҰ Сауда-өнеркәсіптік палатасының  Ауғанстан, Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстандағы өкілдері қатысты. 

Кездесуге қатысқан іскер ханымдар әлемнің әр елінде COVID-19 пандемиясымен күрес амалдары қалай жүріп жатқаны жайында ақпаратпен бөлісті. 

 

Қазақстан атынан конференцияға «Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау» қоғамдық қорының директоры Динара Аллаберген қатысты. Спикер коронавирустың таралуына қарсы елде қабылданып жатқан ұлттық бағдарламаның, пандемия кезінде халықты және экономиканы қолдау бойынша жасалып жатқан дағдарысқа қарсы шаралардың қалай іске асып жатқандығы жайында мәлімдеді.  

Атап өтсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша арнайы мемлекеттік комиссия құрылғаны, коронавирустың таралуына тосқауыл болатын іс-шаралар жоспары бекітілгені жайында айтылды. Елімізде қабылданып жатқан бұл  шаралар  халыққа әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ кәсіпкерлерге жеңілдіктер мен қосымша мүмкіндіктер ұсынатын кешенді іс екенін атады. 

«Қазақстанда  төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілген алғашқы күннен бастап «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесіндегі іскер ханымдар Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорымен бірлесіп  республикалық деңгейде #МейірімділікЭстафетасы акциясын іске қосты. Бұл акцияның басты мақсаты – дәрігерлер, пациенттер мен зейнеткерлерді сақтық құралдарымен барынша қамтамасыз ету болды. Онымен қоса, іскер ханымдар аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік жиынтығын жеткізу жұмысына етене атсалысты», - деді Динара Аллаберген. 

Сөз соңында әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған жобалар мен бағдарламалардың әзірленіп, олардың іске қосылуы, кәсіпорын басқарып отырған іскер ханымдарға қолайлы электорндық сауда алаңдарын құру, оның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалардың енгізілуі аса маңызды екенін атап өтті. 

 

Конференцияға әр елден қатысқан іскер ханымдар мұндай іс-шараның тәжірибе алмасуда таптырмас алаң екенін жоғары бағалады. Әйелдердің кәсіпкерлікте алар орнын нығайта түсу мақсатында мұндай кездесуді тұрақты түрде өткізіп отыруға келісіп тарқасты.