2020-07-28 14:50:00
«Атамекен» Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанованың басшылық етуімен Кеңестің өңірдегі өкілдері атсалысқан онлайн-кездесу өтті. Кездесу барысында пандемия белең алып, карантин шарасы енгізілген тұста атқарылған істің нәтижесі сараланып, алдағы жұмыс жоспары талқыланды.
Жұмыла көрген жүк
Іскер әйелдер кеңесінің іске асырған бастамаларының басты миссиясы – елордадан бастап еліміздің шалғай ауылына дейін әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға тең әрі қолайлы жағдай қалыптастыру. Бұл миссияны орындауға қажетті іс атқарылуда.
Айтар болсақ, өткен жылы Азия даму банкімен бірлесіп ел ауқымында «Ауылды жерлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» атты оқыту семинарлары өткізілді. Семинарға қатысқан қыз-келіншектер жобаның қажеттілігін жоғары бағалаған болатын. Елдегі эпидемиологиялық ахуал қалыпқа түскеннен соң бұл іс жалғасын таппақ.
Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, кәсіптегі ханымдар қазіргі қиындықтарға қарамастан әлеуметтік жобаларды тоқтатпай жүргізуде. Медициналық маска тігу және жеке сақтық құралдарын сатып алу мақсатында #МейірімділікЭстафетасы акциясын іске қосты. Онымен қоса, қаншама аз қамтылған отбасына гуманитарлық көмек ұсынып, экологиялық іс-шараларды да қатар алып жүрді.
Түркістан облысында көтемде болған су тасқыны кезінде де игі істен тыс қалған жоқ. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға да қолұшын беріп, қажетті азық-түлік жиынтығын жіберді.
Бұл қайырымдылық игі істі «БҰҰ-әйелдері» құрылымы қолдап, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберді.
Жамбыл облысындағы өңірлік Кеңестің төрайымы Айгүл Ақшалованың бастауымен «Адал болашақ» еріктілер қозғалысы құрылды. Еріктілер қозғалысының басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға жастардың үлес қосуы мен оған белсенді атсалысуы, фандрайзинг, өзара көмек ұсынуын ұйымдастыру. Бұл бастама әсіресе Мемлекет басшысы жариялаған «Еріктілер жылында» аса маңызды жобаның бірі болып отыр.
Бұл әр өңірдегі Іскер әйелдер кеңесі атқарып отырған істің тек аз бөлігі.
Ұтымды идеялар мен жаңаша шешім қабылдар кез
Егер Кеңестің алға қойған міндеттері мен жоспарлары жайында айтар болсақ, олардың да қатары баршылық. Алайда, оларды іске асыру эпидемиялық ахаулды есепке алып барып жүрері анық. «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова атап өткендей, қазіргі жағдай жұмыста жаңа әдісті талап етеді.
«Пандемия және қазіргі экономикалық жағдай әрқайсымыздың барынша жаңа бастама ұсынып, барынша икемділік танытып, жоғары жауапкершілік арқалауымызды талап етеді. Қазір батыл идеялар ұсынып, ұтымды әрі жаңаша шешім қабылдайтын кез», - деді Лаззат Рамазанова.
Сондай-ақ Кеңес төрайымы бизнестен түсіп жатқан өтінімдерді есепке ала отырып, әйелдер кәсіпкерлігінің ортақ мәселелер картасын әзірлеу қажет екенін атады. Осы түзілген мәселелер картасының негінде тиімді әрі ұтымды қолдау шараларын ұсыну керектігін бас айтты.
Өңірлердегі Іскер әйелдер кеңесі алда жоспарлаған жобаның бірі - Еуропалық одақпен байланысты болып отыр. Бұл жоба аясында шекара маңындағы сауданың белсенділігіне зерттеу жүрмек. Оған елдің төрт өңіріндегі бизнес ханымдар арасында көлемді сауалнама жүргізу жоспарланған. Бұл зерттеу арқылы іскер ханымдар Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдерімен сауда саласының даму деңгейін бағалауға мүмкіндік бермек. Осылайша қандай кедергілер бары, дамуға не тосқауыл болып тұрғаны және оларды шешу үшін қандай шаралар қолдану керектігін анықтау зерттеудің басты мақсаты болмақ.
Қазір «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесі Батыс Қазақстан облысы үшін – «Бір ауыл – бір өнім» атты маңызды стартегиялық жобаға атсалысуда. Аталған жоба табиғи таза ауыл шаруашылық өнім брендін қалыптастыру және оны қолдауға бағытталған.
«Батыс Қазақстан облысы қазірдің өзінде мұндай өнім брендін қалыптастыруға дайын. Бұл өңір тұрғындары арасында аса бағаланатын - қолдан жасалған сары май өнімі. Осы өнімнің шығарылуын жаңа дейгейге жеткізу жоспарымызда бар. Сондықтан да республикалық Іскер әйелдер кеңесінен жобаға қолдау тантуын сұраймыз», - деп өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова ұсыныс білдірді.
Лаззат Рамазанова өңірдегі Іскер әйелдер кеңесінің әрқайсысында бірегей әрі тартымды жобалар барын атап өтті. Дегенмен, дәл қазіргі жағдайда барынша ұтымды идеялар мен жобаларды іске асырар кез келгенін атады.