2020-07-20 05:49:00
Пиццерия ашып, оны жеке кәсіп ретінде дөңгелетіп, тұрақты табыс табу кез келген қыз-келіншектің қолынан келер іс. Оған «Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 100 бизнес жоба» электрондық нұсқаулығын құрастырушылар кәміл сенімді.
Бизнестің сан қырына қатысты материалдар топтамасын осы тақырыптан бастап отырмыз. Бұл топтамада кез келген қыз-келіншекке ыңғайлы бизнестің түрлері жайында қысқа әрі нұсқа маңызды ақпарат ұсынбақпыз. Ал бүгінгі тақырып пиццерия жайында болмақ.
ТАҢДАУ НЕГЕ ПИЦЦАҒА ТҮСТІ?
Өздеріңіз білетіндей, пиццаны ұнатушылар қатары көп. Тағамның бұл түрі әлемнің кез келген елінде өз тұтынушысын тапқан десек те болады. Статистикаға назар аударар болсақ, әр минут сайын тек Қазақстанда пиццаның 50 тілімі сатылып отырады екен.
Пиццаны ең алғаш кімдер және қашан ойлап тапқаны жайлы пікір көп, тағамның бұл түріне қатысты даулы пікірге әлі нүкте қойылмаған сыңайлы. Кейбір талғампаздар алғашқы пицца тағамы Ежелгі Мысырда жасалған дегенді де айтуда. Тарихшылардың жазба деректеріне сай, 5 ғасырда жауынгерлер қол қалқан қаруында пиццаға ұқсас жұқа нанға құрма, ірімшік қосып әзірлеген деседі. Одан кейін бұл тағам Ежелгі Грек елінде де кең таралса керек. Одан Римге жетіп, пиццаға ұласқан дегенді айтушылар баршылық. Алайда қазіргі пиццаға ұқсас тағам кезінде Ежелгі Грецияда әзірленген.
Ал қазіргі кезде пицца 18-27 жас аралығындағы жастардың ең қалайтын тағам түрі. Оның да себебі түсінікті, өйткені пиццаның бағасы әлдеқайда арзан әрі тез дайындалатын тағам. Сондықтан да қалтасы мен уақытын үнемдегісі келген кез келген тұтынушы пиццаны қалайтыны түсінікті. Оның үстіне егер пиццаның дәмі тіл үйірер болса, онда ол кез келген астың орнын басары да сөзсіз.
БҰЛ КӘСІПТІ НЕДЕН БАСТАҒАН ЖӨН?
Жыл сайын Қазақстанда қоғамдық тамақтану нарығы орташа есеппен 25%-ға өсіп отырады екен. Бірақ бұл тек статистика ғой. Бұл кәсіптің нарықта алар орны нақтылап ашылмаса керек. Мысалы, пиццерия, яғни шағын кафелер арасында айрықша тұтынушы қалауына ие болғандар жоқтың қасы. Ал бұл кәсіптің бұл түрінің нарықта мүмкіндігі мен әлеуеті әлі де баршылық екенін білдіреді.
Пиццерия ашуды ойластырған болсаңыз, ең алдымен жобаға салар инвестиция көлемін анықтап алған жөн. Ол үшін қажетті керек-жабдықтарды сатып алу, шикізат сатып алу, сондай-ақ шығынның орнын толтырып отыру үшін айналым қаражатын анықтап алу керек. Орташа есеппен пиццаны 1200-1500 теңге көлемінде сатылымға шығарып отырсаңыз, бір айдағы табыс көлемі 3 млн теңгені құрайды екен. Бұл әрине кәсіп ашқан өңірдегі ерекшелікті ескере есептегенде.
Оқырманға ұсынылып отырған электрондық каталогта пиццерия ашу үшін арнайы дағды қажет екендігі айтылған. Сондықтан да бизнес жобаны бастамас бұрын арнайы оқыту курсынан өткен артық болмайды. Ал Қазақстанда тағам өндірісіне қатысты мұндай оқу курстары жетерлік. Егер қаражатыңыз жетіп тұрса, кәсіпті бастаған сәттен тәжірибесі бар технолог маманды жұмысқа алғаныңыз құптарлық.
КӘСІПТІҢ ТӘУЕКЕЛІ МЕН ТАБЫСЫ
Пиццерия кәсібінің бәсекелестік артықшылығы – оның табыстылығында (60 % дейін), салған ақшаның тез ақталуында, сондай-ақ аз қызметкер жалдап-ақ кәсіпті іске қосуға болатындығы мен тұтынушылардың пиццаға сұранысының жоғары екендігінде. Мұның барлығы пиццериядан түсер табысты тек арттыра түседі.
Жобаны іске қосу үшін ең алдымен Халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеуден өту керек. Одан кейін рұқсат құжаттарын алу міндетті (бұл жағы каталогта егжей-тегжейлі жазылған). Жобаны ашуға жеке қаражатыңызды салуға болады. Егер қаражатыңыз болмай жатса,екінші деңгейлі банктер ұсынатын тиімді несие пакеттерін қолдансаңыз болады. Сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкі қаражаты есебінен «Даму» қорынан әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған бағдарлама арқылы несие алуыңыздың да мүмкіндігі бар.
Десе де каталогты құрастырушылар кез келген бизнесте болатын тәуекел кәсіптің бұл түрінде де бар екенін жоққа шығармайды. Басты тәуекелдер жайында да айта кетейік: кәсіптің қолайсыз жерде орналасуы; шикізат бағасының артуы; дұрыс таңдалмаған тауар жеткізуші мен шикізат сапасының төмен болуы; жалға алатын үй-жайды ұсынысынан бас тарту немесе жалға алу бағасының өсуі; сұранысқа тұтынушының төлем қабілетінің әсері. Мұның барлығы пиццерия кәсібінде кездесетін тәуекелдер.
Дегенмен, егер тәуекелді ескеріп, оның алдын алатын шараларды дер кезінде қолдансаңыз кез келген кері әсердің салдарына жол бермеуге болатынын ұмытпаңыз.
ЭЛЕКТРОНДЫҚ КАТАЛОГ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ
«Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 100 бизнес жоба» - іскер ханымдардың бизнестегі белсенділігі мен біліктілігін арттыруға арналған заманауи бизнес түрлері жайында ақпарат ұсынатын жинақ.
Бизнес жобалар жинағы кәсіппен айналысқысы келетін қыз-келіншектердің бастамасын, қолға алған жаңа бизнес түрлерін қолдау үшін әзірленген. Сондай-ақ еліміздің әр өңіріндегі, әсіресе ауылдағы іскер ханымдарды кәсіпкерлікке барынша тарту мақсатында жасалған.
Бұл жинақ Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы және Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген.
«Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 100 бизнес жоба» нұсқаулығынан жеке бизнесіңізді ашуға қажетті ақпарат табатыныңызға сенімдіміз.