«Атамекеннің» іскер ханымдары: төтенше жағдайдағы қажетті көмек

2020-05-31 23:58:00

Әлемде коронавирус пандемиясы белең алып, барлық елдер экономикалық мәселелердің шешімін іздеген тұста қазақстандықтар бұл індетпен жұмыла күресуде.

Бизнеске пандемияның келтірген салдары орасан, десе де оған қарамастан іскер ханымдар  мейірімділік эстафетасын іске қосты. Ал ол ірі қайырымдылық жобаға айналды. Іскер ханымдар қиындыққа қарамай, жұмыла игі іс тындыруға күш-жігерді қайдан алып отыр?

Игі іс медициналық маскадан бастау алды

Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, карантин белгіленген алғашқы күннен бастап  «Атамекеннің» Іскер әйелдер кеңесі мен Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры #МейірімділікЭстафетасы атты республикалық қайырымдылық акциясын жариялады.  Бастапқыда акцияның мақсаты – дәрігерлер, пациенттер және зейнет жасындағы кісілерді жеке қорғаныс құралдары мен қажетті заттармен қамтамасыз ету болатын.

«Алғашқы сәттен-ақ акция медициналық маска тігумен шектелмейтіні анық болды. Өңірдегі іскер ханымдар, Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері және басқа да бизнестегі қыз-келіншектер бұл игі істі көлемді қайырымдылық жобасына айналдырды. Нәтижесінде жүздеген отбасына азық-түлік, киім-кешек пен қаржылай көмек ұсынылды», - дейді «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова.

Ең алғашқылардың бірі болып бұл бастаманы қолдаған Ақтөбе облысының Іскер әйелдер кеңесі және «Глобал-Спецодежда» компаниясының басшысы Надежда Шабаева болды. Қысқа уақыттың аралығында іскер ханым  өндірісті арнайы киім тігуге бұрып, қаладағы ауруханаларды, зейнеткерлер және блок бекеттердегі қызметкерлерді жеке қорғаныс заттарымен қамтамасыз еткен. Ақтөбелік дәрігерлерге жүзден аса медициналық халат, төсек орын, жастық және арнайы сақтық киімдерін табыстаған. Бір ғана компания  4 млн теңге көлемінде қайырымды істі атқарып отыр.

Карантин кезінде аз қамтылған отбасыларға көмек бергендер қатарында Ақтөбе облысының іскер ханымдары мен Кеңес төрайымы Күлпаршын Айдарханова да бар. Қажетті қаражатты жинап, керекті азық-түлікті ұсынған.

Сақтықта қорлық жоқ!

Мейірімділік эстафетасы осылайша ел ауқымында іске қосылды. Наурыз және сәуір айларында басталған игі іс әлі де жалғасуда. Сәуле Салихова бастаған Маңғыстау облысының іскер ханымдарының бастамасын Киім дизайнерлері одағының мүшелері де жалғастырған.  

«Маңғыстау өңірінің іскер ханымдары медициналық маска тігіп, оны дәрігерлер мен паценттерге ғана емес, егде жастағы кісілер мен жүкті келіншектерге тегін беруді жөн санаған. Тегін масканы аудан орталығындағы дәріханаларға  таратқан. Ардагерлер мен зейнеткерлер бизнес ханымдардың назарынан тыс қалмасы анық. Іскер қыз-келіншектер азық-түлік жиынтығын әр зейнеткер мен ардагердің үйіне апарып берген. Бұл жұмысқа еріктілер де тартылыпты, сондай-ақ әкімдік арқылы да қажетті көмектің дер кезінде жетуін ұйымдастырған. Бұл дер кезінде көрсетілген қажетті көмек», - дейді «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова.

Батыс Қазақстан облысының іскер әйелдері де бұл істің басы-қасында  болды. Алғашқы көмек қоғамдық көлік жүргізушілеріне ұсынылған. Автобустар тұрақтайтын соңғы аялдамада жиналған еріктілер тобы жүргізушілер мен кондукторларға масканы тегін таратқан. Өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова мыңнан аса медициналық масканы жергілікті кардио орталыққа табыстаған.

«Онлайн оқыту курстарын өткізу арқылы көмек беру - Іскер әйелдер кеңесінің тағы да бір бастамасы. Батыс Қазақстан облысының аудандарында кәсіптегі қыз-келіншектер көп балалы аналарға киім тігу курсын тегін ұйымдастырған. Бұл  кейіннен көп балалы аналарға жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз», - деп атап өтті Лаззат Рамазанова.  

Оралдағы іскер әйелдер мұнымен шектелмеген. Аз қамтылған отбасының балалары бұл көмектен тыс қалмаған. Мектеп басшылығы арқылы аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратылған.  

 Жүрек қалауы - қайырымдылық

#МейірімділікЭстафетасы қайырымдылық акциясы жайында ақпарат Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорының fundwomen.kz сайтында жарияланып отырады. Акция төңірегінде ақпараттың жиі шығуына бір өңірдің өзінде акцияның бір емес, бірнеше қайтара іске асырылуы түрткі.

Айгүл Ақшалованың басшылығымен Жамбыл облысының іскер әйелдері 2000-нан аса медициналық маска тігіп, оны қарттар үйіне, балалар үйіне, жедел жәрдем және теміржол  қызметкерлеріне тегін таратуды жөн санаған. Акцияны өңірлік жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының өкілдері де қолдаған.

Ал Шымкент қаласындағы кәсіптегі қыз-келіншектер 3000-нан аса маска тігіп, тұрғындарға  тегін таратқан. «АГФ групп» ЖШС карантинге жабылған шағын аудан тұрғындарына жеке сақтық заттарын жеткізген. Ал азық-түлік жиынтығын аналар үйі мен мүгедек балаларды оңалту орталығына табыстаған.

Қостанай облысындағы кеңес мүшелері «Перекресток» атты мүгедек балалар қорына 450 медициналық маска, сондай-ақ санитарлық өңдеуге қажетті заттарды көмек ретінде ұсынған. Онымен қоса азық-түлік жиынтығы жасалып, Рудный, Лисаковск қалалары  және Денисовск ауданындағы аз қамтылған отбасыларға таратқан.

Шығыс Қазақстан облысының іскер ханымдары карантинге жабылған  үйлердің тұрғындарына көмек көрсеткен. Тапсырыс арқылы қажетті затты ала алмай отырған тұрғындарға азық-түлік пен керек заттары жеткізілген. Медициналық маска, жеке қорғаныс заттары, азық-түлік жиынтығын Алматы облысының, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарының іскер ханымдары да көмек ретінде ұсынған.

Бұл игі істің тек бер жағы, айтылмай қалғаны жетерлік. «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанованың айтуынша, айтылар игі істің қатары баршылық. Іскер ханымдар үшін бұл акцияның алар орны ерекше.  

«Пандемиямен күресте бірінші болып атсалысқандар қатарында іскер ханымдардың болуы үлгі боларлық игі іс. Жүздеген дәрігер, пациент, қаншама отбасына көмек берілді. Іскер ханымдарды игі іске жұмылдырған бұл жанашырлық. «Атамекеннің» Іскер әйелдер кеңесінің қатарында осындай жүрегі дархан, қолы ашық ханымдардың көп екені мақтануға тұрарлық», - деп ойын түйіндеді Лаззат Рамазанова.



Источник: inbusiness.kz