2020-05-27 02:37:00
Карантин мерзімінің ұзартылуы мен оқшаулану талабы бизнестің кез келген саласына, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігіне де оңай түсіп отырған жоқ.
Дегенмен, бизнес ханымдар бұл жағдайдың да ұтымды тұсын аңғарып, шектеуден мүмкіндік жасап, оны оңтайлы пайдалануға тырысуда. Ең ұтымдысы, уақытша шектеудің қандай пайдасы барын, қандай мүмкіндікке жол ашатыны жайлы бір-біріне кеңес айтып, ақпаратпен бөлісуде.
Гүлия Жәңгірова, Қарағанды қаласындағы «Zhangirovastyle» сұлулық студиясының иесі. Іскер ханымның айтуынша, қазіргі уақытты пайдаланып, әлеуметтік желіде белсенділікті арттырып, барынша онлайнға көшу керек.
«Егер осыған дейін жеке кәсібіңіз жайлы сайт ашпасаңыз, онда қазір сайт ашуға уақыт бөлуге болады. Өйткені төтенше жағдай аяқталғанша офлайн түрде жұмыс істеу мүмкінідігі болмасы анық. Негізінен қыз-келіншектер көп жағдайда бизнесті қызмет көрсету саласында ашады. Айталық, ателье, кондитерлік цех, сұлулық салоны және т.б. Қазіргі жағдайда кондитерлік цех өз өнімін тапсырыс арқылы жеткізіп, жұмысын жалғастыра алады. Ал сұлулық салондарының жұмысы тіпті тоқтаған. Сондықтан да карантин уақытын білімді шыңдауға бағыттау керек. Скайп арқылы курстар өткізіп, жабық марафондар ұйымдастыруға болады. Сонда шектеу шаралары алынған кезде алған біліміңізді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік аласыз әрі қызметіңізге сұранысты арттырасыз», - деп Гүлия Жәңгірова пікірімен бөлісті.
Ақтөбедегі «Ақбөбек» білім беру орталығының директоры Күлпаршын Айдарханова бұл пікірді толықтай қолдайтынын айтуда. Қазіргі жағдай қыз-келіншектерге қол ұзартар мүмкіндік екеніне сенімді.
«Осы жағдайға дейін барлығымыздың кез келген жағдайда айтар жауабымыз бір болды емес пе?! Барлығымыз – «уақыт жоқ» деп айтушы едік. Ал қазір уақыт жетерлік. Сондықтан да жаңашылдыққа ұмтылу керек! Вебинарлар мен тренингтерге қатысу керек. Бухгалтерлік есепке зер салыңыз, заңгерлік іске де ден қойсаңыз әбден болады. Таңдауда шек жоқ. Осыған дейін уақыт таппай, ала аламған білімді шыңдаңыз. Қазірден бастап, осы алған білімді кейін қалай пайдаға асырып, табысқа айналдыру жолын ойластырған жөн», - дейді Күлпаршын Айдарханова.
Батыс Қазақстан облысындағы «Отау-Алан» компаниясының басшысы Ляна Тұрсынова «қазіргі мүмкіндіңті отбасы мен сүйікті ісіңізге арнаған дұрыс» деген пікірде.
«Бірінші кезекте жақындарыңызға, балаға, отағасына көңіл бөліп, жылулық пен мейірім сыйлағаныңыз дұрыс. Екінші кезекте, жаның сүйіп қалайтын ісіңізбен айналысуға таптырмас мүмкіндік беріліп отыр. Осыған дейін күйбің тіршілікте оған уақыт таппағанымыз рас. Үшіншіден, сәл тоқтап, жасап жатқан жұмысыңның оң-солын саралайтын уақыт. Бизнесті әрі қарай дамытуға бағаттайтын стратегиялық жоспар әзірлеуге болады. Бәлкім, мүлдем жаңа бағыттар ашылар, бизнестің тіптен басқа саласына жол ашылар. Бастысы, уайымға салынбай, жаңа мүмкіндікті ойластыру керек», - дейді Ляна Тұрсынова.