2020-04-04 12:49:00
Кәсіпкерлер палатасы аясында Дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығына біріккен Ақтөбедегі тігін кәсіпорындар, ательелер мен цехтер қала дәріханаларында маска тапшылығына байланысты дәке мен мақта-мата кездемесінен жасалған көпқабатты маскалар тігуге кірісті.
«Облыс әкімшілігі біздің қауымдастыққа көпқабатты маска тігуге тапсырыс берді. Бізге әрбірінің ұзындығы бес мың метрлік бес орам дәке берілді. Бұл тапсырысты біздің ұйымға кіретін барлық ательелер мен цехтерге бердік. Бір орамнан 2700-ге жуық маска тігуге болады, - дейді қауымдастық төрайымы Әгиля Жанғазиева.
Оның айтуынша арнайы технология бойынша тігілген маскаларды жууға болады және ыстыққа төзімді, яғни бірнеше рет қолдануға болатындықтан отбасы бюджетіне ауыр түспейді.
«Дәке маскаларын алты қабатты етіп тігеміз. Оған қоса зығыр матадан маскалар тігеміз. Ол мата тығызырақ болғандықтан екі қабаттап жасап жатырмыз. Тапсырыстар өте көп. Ұйымдардан да, жеке тұлғалардан да. Бір ауысымда бір тігінші 100-ге жуық маска тіге алады», - дейді Әгиля Жанғазиева.
Бір масканың бағасы 350 теңге. Егер тапсырушы матаны өзі берсе, онда қазір сондай тапшы тауардың бағасы 200 теңге болады. Әгиля Жанғазиеваның айтуынша, қазіргі таңда Кәсіпкерлер палатасы аясындағы Дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығына кіретін барлық 35 ателье маска тігумен айналысып жатыр.