«ALTYN OIMAQ 2020» киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы басталды

2020-03-18 03:04:49

2020 жылғы 4 наурызда «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі және Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры «ALTYN OIMAQ 2020» киім дизайнерлері ұлттық байқауының басталғаны жайлыхабарлады.

Ұлттық байқаудың басты мақсаты - ірі өндірістік кәсіпорындармен серіктестік орнатуға, және де  бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған брендтерді  жасауға дайын кәсіпқой жаңа іскерлер мен ісмерлерді анықтау.

«Байқаудың Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бастау алып отырғаны қуантады. Бұл байқау қатысушылар үшін өз шеберлігін көрсетуге таптырмас алаңКәсібін енді бастаған және тәжірибелі дизайнерлерге, тігін өндірісінің өкілдеріне шеберлігін ашып әрі танытып қана қоймай,серіктестіктің жаңа форматын табуға көмектесетін жоба.Сонымен қатар «ALTYN OIMAQ 2020» байқауы жаңа үрдістерден де қалыс қалмайды. Ең заманауи инновацияларды назарға ала отырып, ұлттық бірегейліктің сақталуына және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда», - деді «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова.

Биылғы байқау келесі  алты аталым бойынша өтетін болады:

 «Іскерлік киімнің үздік дизайны»;

«Спорт киімінің үздік дизайны»;

«Балаларға арналған киімнің үздік дизайны»;

«Үйге арналған текстильдің үздік дизайны»;

«Аксессуардың үздік дизайны»;

«Стритстайл киімінің үздік дизайны».

 Байқауға қатысуға ниет танытқандар 2020 жылғы 4 наурыз және 1 қыркүйек аралығында өтінімді Altynoimaq.kz сайты арқылы жібере алады. Одан кейін байқау комиссиясы өтінімдерді іріктеп, көпшіліктің онлайн түрде дауыс беруіне ұсынады. Онлайн түрде дауыс беру 1 қазанға дейін жалғасады. Байқаудың төртінші кезеңінде лауреаттар анықталады. 

Естеріңізге салсақ, «ALTYN OIMAQ» киім дизайнерлері арасында ұлттық байқау алғаш рет 2019 жылы өткізілді. Оған еліміздің 14 өңірінен қатысқан  1700 шеберден 284 өтінім келіп түскен болатын. Ал «Алтын сапа» байқауының салтанатты рәсімінде жеңімпаздар аталып, марапатталды. 

«ALTYN OIMAQ» байқауы ұйымдастырылған алғашқы жылдың өзінде  жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жобаға айналды. Жалпы бұл жоба үш жылға жоспарланған. 

Байқаудың бірінші жылында жұмыс жеңіл өнеркәсібі саласына мониторинг жасап, оның жағдайы мен қажеттілігін зерделеуге бағытталды. Қазақстанның 14 өңіріне барған байқау ұйымдастырушылары жас шеберлерді барынша  осы жобаға баулыды, осылайша отандық бренд атауын танытуға бар күш-жігерін салатын 150-ден астам дизайнер барын анықтады. 

«Биыл нетворкинг арқылы өндірістік кәсіпорындар мен дизайнерлер арасында байланыс орнатуға, жалпы осы саланың өкілдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға басымдық беретін боламыз», - деп атап өтті Лаззат Рамазанова. 

«ALTYN OIMAQ» жобасының биылғы ерекшелігі –  шетелдік жеңіл өнеркәсіптегі тәжірибелі сарапшыларды  тарта отырып, өңірдегі шеберлерімізге модульдік оқыту ұйымдастыру.  Бұл алда  отандық сарапшылар тобын қалыптастыруға көмектесетін жол. Кейін отандық сарапшылар өзінен кейінгі жас дизайнерлер мен тауар өндірушілерге осы қабілеттерді үйретеді. Ал бұл дегеніміз – жеңіл өнеркәсіп саласына қосатын бірден-бір елеулі үлес болмақ. 

2019 жылғы тамызда алғаш рет жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдерінің форумы  мен тауар көрмесі ұйымдастырылды. Атаулы іс-шаралар «ALTYN OIMAQ»жобасы аясында ұйымдастырылып, осы атаумен аталды. Жалпы іс-шараға 4000-нан адам келді, оның ішінде Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Түркия, Біріккен араб әмірлігі мен Франциядан сала өкілдері қатысты.  Ал көрмеге 85 отандық тауар өндіруші қатысып, өңірден келген 19 дизайнер киім үлгілерін көрсетілімге шығарды. Форумның аясында 15 шеберлік сағаты мен семинар ұйымдастырылған болатын.  

 «ALTYN OIMAQ» жобасының ұйымдастырушылары 2020 жылдың 19-21 ақпан аралығында Италияның Милан қаласында өткен SIMAC TANNING TECH 2020 халықаралық көрмесінде Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің әлеуетін таныстырды. Бұл халықаралық көрмеде тері өнеркәсібі және одан жасалатын бұйымдар, аяқ киім жасауға арналған машиналар мен технологиялар таныстырылады. Оныңнәтижесі де оң, алда Италияның аяқ киім, тері бұйымдары және теріден тауар жасауға арналған жабдықтар мен аксессуарлар шығаратын ұлттық қауымдастықпен меморандумға қол қою жоспарда бар. Осылайша Италияның мамандары отандық тауар өндірушілердің біліктілігін арттыруға септігін тигізбек.